Өлеңдер ✍️

  19.07.2021
  165


Автор: Тұрмағамбет Ізтілеуұлы

Сүлетке айтқаны

Таң атып, қуаныштың күні шықты,
Гүжімнің көлеңкелі гүлі шықты.
"Мұқтажың мұнан былай бітеді", - деген,
Жолдастың Мирзояндай үні шықты.
Рахмет көптің көңлін көркейтетін,
Ән мен күй тамашаның түрі шықты.
Шат болып шамадан тыс бұл сүлетте,
Әр жүздің құттықтауға дүрі шықты.
Кимесек көйлек, ыстан күйедей боп,
Киімнен сыртқа еттің кірі шықты.
Ауданнан келгендерді атқаруға,
Камалов көбісінен ірі шықты.
Саңлақтар саннан озған сарапқа өтпей,
Бәһасы бір сом да емес, мірі шықты.
Ләпқойдың бір қатарын бақ көтеріп,
Білгірдің білімге бай бірі шықты.
Мазалы сөздеріңді жаз, - деген соң,
Қиялдың қалайда да қыры шықты.

1934.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу