Өлеңдер ✍️

  18.07.2021
  124


Автор: Тұрмағамбет Ізтілеуұлы

Қуанышбай баласы Әмзе жолдас қалай еді

Қуанышбай баласы,
Әмзе жолдас қалай еді?
Жарымаған әкесі,
Әркімдердің малайы еді.
Жататұғын үйі жоқ,
Ат-кепе болған сарай еді.
Шешесі де Шірікгүл
Нағыз салақ, анайы еді.
Қуанышбай қалды өліп,
Үш жасқа Әмзе жеткенде.
Шырқырап жылап жатушы еді,
Шешесі сыртқа кеткенде.
Қорыққаннан бұғып қалушы еді,
Басына байлар шерткенде.
Көз салмаушы еді ел оған,
Ертелі-кеш еріткенде.
Сегіз жасқа келгенде,
Тағы өліп қалды шешесі.
"Кім күйік күлше беред?" деп,
Тентіреу болды пешесі.
"Кет әрі!" деп, қуалап,
Көп болды көздің тесесі.
Қарасатын жан қайда,
Болмады бойы өсесі.
Тамағы үшін байлардың,
Отын, суын тасыды.
Киім киіп қырық құрау,
Қолтықтары сасыды.
Баратқан соң бит талап,
Борбайын тыр-тыр қасыды.
Сүйтіп жүрген кезіңде,
Кеңестің жаны ашыды.
Жұмыс істеп, ақша алып,
Алып тұрды айлықты.
Есін жиды тапқан соң,
Киім, тамақ, шайлықты.
Арқасында Кеңестің,
Көргендей болды байлықты.
Қорлайтын баста байлардың,
Бәрі де қорқып, қаймықты.
Қыла берді қызмет,
Көргеннен соң жақсылық.
Уақытыменен орындап,
Нормасын тұрды тапсырып.
Шыққаннан соң ойынан,
Көрсетпеді Кеңес тапшылық.
Көп адамға басшы етті,
Қолына беріп ақ шыбық.
Төрт жыл түгел жөндетті,
Риддердің жұмысын.
Етті еңбекті шынымен,
Ойламай жанның тынышын.
Білдірмеді бір мінез,
Жүргендердей күн үшін.
"Енді оқып кел!" деді,
Ескеріп Кеңес мұнысын.
Алматыға өткен жыл,
Колхозға келіп кірісті.
Әр жұмысты орындар,
Басқарған маман бір істі.
Еңбек етіп оқуға,
Күні-түні сүрісті.
Көтеруге көңілін,
Көшеде бір күн жүрісті.
Автомобиль артынан,
Келді де басып құлатты,
Сүйрелеп барып бір жерге,
Басын жарын сұлатты.
Қысқасы өліп қапыда,
Қатын мен қызын жылатты.
Бұл қалайша болады деп,
Әркімдер көпке сынатты.
Көше үстінде кездесіп,
Автомобильдің долысы,
Көзді ашып, жұмғанша,
Төгілді оның толысы.
Жарма ауданы, Семейлік,
Туып өскен қонысы.
Баяндайын жолдастар,
Керек болса онысы.
Он тоғыз жүзден бірі кем,
Жылының туған сарасы.
Мың тоғыз жүз отыз бес,
Жылының өлген санасы.
21-ші ноябрь,
Арбаның басқан шамасы.
Екенін қай жұрт білмеймін,
Қазақтың анық баласы.
Отыз сегіз жасына,
Осы биыл келгені,
Көзі ашылар шамасы.
Мінеки оның көргені,
Қалғандай болды далаға,
Жасынан жиған, тергені.
Ойлап едім отырып,
Баяндап мұны бергелі.
Сол үшін жазып бұл сөзді,
Тоқсанбайға тапсырдым,
Орындар деп ойлаймын,
Болған соң бірі жақсы ұлдың.
Алып қалып шорнасын,
Дәптерге тіркеп, тапсырдым.
Керегі жоқ деп көп сөздің,
Қақпасын тілдің қапсырдым.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу