Өлеңдер ✍️

  18.07.2021
  139


Автор: Тұрмағамбет Ізтілеуұлы

Сақтағанға

Сау-саламат жүрмісің,
Шырағым, інім Сақтаған.
Ағаң едім әрқашан,
Әркімге айтып мақтаған.
Сол дәрпіңе арзу боп,
Шайым еді сені жақтаған.
Барғаннан түрің көрінеді,
Көзіңді қысып мысықтай,
Шама-шарқын шақтаған.
Өкшелес інің емес пе ед,
Ерттеп беріп атыңды,
Сайманыңды тақтаған.
Әйелінен айырып,
Еткенің қалай, сөйлеші,
Шұбырынды ақтабан.
Қуанған түрің көрінеді,
Олжа алғандай орасан,
Қалың қолдан қаптаған.
Жақсылардың жұмысы,
Алдырмай жауға жолдасын,
Татқан тұзын ақтаған.
Етер ісі ессіздің,
Қасындағы қоңсысын,
Өртеп, отқа қақтаған.
Бар ма еді жері Шайымның,
Өкпелетіп о, баста,
Көңіліңді таппаған.
Жылатып айтар досыңмын,
Кетпеген күнде құтырып,
Танысын ит те қаппаған.
Ми толықпай тұрғанда,
Жайдақ мініп жастықты,
Кімдер тайға шаппаған?
Ол дәуір бастан өткен соң,
Өте ұят етуің,
Жұмысты жұртқа жақпаған!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу