Өлеңдер ✍️

  18.07.2021
  157


Автор: Тұрмағамбет Ізтілеуұлы

Әмит Қожаға

Інім ең, атың Әмит, асылың — Қожа,
Ер едің елатыңнан шыққан оза.
Түрің бар тебе үстіне шығаратын,
Қолдаған адамыңды арқаң қоза.
Қадірі қариялардың қалды болмай,
Тондай-ақ қой терісі киген тоза.
Өзіндей ойлы ерлерден үміттар боп,
Мұқадым мойынымды соза - соза.
Бір хабар қуанарлық болмаған соң,
Адамдай ауысты ақыл ішкен боза.
"Сары алтын — сабыр түбі" деген болса,
Болудың керегі не бұған наза.
Әулеті алты алаштың араласып,
Боп жатыр бірі бөле, бірі бажа.
"Жеткер, - деп, - Жаппар өзің!" жайып қолын,
Бәрі отыр қара жерге құрып қаза.
Қалайда халық тілегі қабыл болар,
Болса да біреуінің көңілі таза.
Күніңді өтіп кеткен ойыңа алып,
Отырма түйіп қабақ, тұтып аза.
Ай мен күн орынынан туып тұрса,
Басылмай қайтер дейсің бұл даңғаза?
"Кейіні кеніш — реніштің" болып анық,
Түбінде тыным алармыз, тауып маза.
Ой, шіркін, олай-бұлай толқыған соң,
Бір сөзді бұлайынша қойдым жаза!

1935




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу