Өлеңдер ✍️

  16.07.2021
  328


Автор: Тұрмағамбет Ізтілеуұлы

Әбдіхалық деген жиені өлгенде айтқан көңіл қосы

Тиген соң, апа, бізге жазған хатың,
Болды ұмыт бала-шаға, үй мен қатын.
Кеуілдің көрпесіне от тигендей,
Өксідім отыра алмай, шыдап дәтім.
Ақылымнан алжаспасқа амал бар ма,
Аға, іні еді өздеріндей әл, қуатым.
Қалайда "көппен көрген ұлы той" деп,
Жүр едім қалайда да қайтпай пәтім.
Бүйірімнен оқ тигендей бүктетіліп,
Битап боп, болмай қалды көңіл шатым.
Асаудай ұсталмаған бұлқынғанмен,
Алуға барып хабар жоқ пұрсатым.
Барармын түн түнемей, тілектес бол,
Босатса мұнан Алла беріп сәтін.
Сабыр етіп болған іске, болаттай бол,
Беретін бұл туралы мәслихатым.
Көзіңе осы күйде көрінуге,
Ойланып таппаған соң ешбір атым.
Назым мен жанабыңа жазып дастан,
Ырза бол аңлатты інің әқуалатын.
Жатырмын жалбарынып жан - діліммен,
"Ия, Алла, етпе, - деп, - шөл ер абатын!"
Шаттыққа шамадан тыс ұшырарсың,
Қиса егер қуаныштың бір сағатын.
Алашқа аты мәлім ата-бабаң,
Атырапқа арнадай еді су ағатын.
Су тасып, қалыбына келе қойса,
Ел тегіс түзеп алар ырабатын.
Аюп та қастасынан қалас ойлап,
Кетіріп көңілінің қайғы дағын.
Арттырып дәражасын бұрынғыдан,
Қалдырды Қадір Алла артқа атын.
Қайғысы Әбдіхалықтың әбден батты,
Ел ісін ойдағыдай атқаратын.
Сынықтың сырқауынан сауалтпаса,
Қылды Алла қайырғандай халық қанатын.
Бірақ та, есіткендер тілеп жатыр,
Сауалт деп сондайша ел азаматын.
Қата деп қариялардың ойламаймын,
"Қол, - деген, көп дұғасы" нақылиятын.
Оңалса аяғынан, өкініш жоқ,
Адамға ақыл керек, асқа — татым.
Болғанмен аяғы ақсақ Әмір Темір
Билеген жеті ықылым мемлекетін.
Басына бақыт қонып, орнаса ықпал,
Үлгерер, иншалла, жақын - жатын.
Қазағы Қармақшының оныншы ауыл,
Дамолла Тұрмағамбет сөз жазатын!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу