Өлеңдер ✍️

  16.07.2021
  197


Автор: Тұрмағамбет Ізтілеуұлы

Мінәжат жырлар

Ей, Карим, көңілін көркейт мұсылманның!
Қуандыр қайбірін де қысылғанның!
Таупық бер біреуі емес, бәріне де —
Көңілінен иман нұрын ұшырғанның!..
* * *
Бақ қондыр басыма, Алла, ұшпайтұғын!
Етіме асыл кидір ыспайтұғын!
Кең қылып көңілімді іліміңе,
Сабыр бер, сірә, ішім пыспайтұғын!
Тілімді тірілікте, тіпті, ұшты қыл,
Сұлулап сөз сабағын ұштайтұғын.
Қаннастың қармағына іліндірмей,
Таупық бер тура жолды нұсқайтұғын!
Атымды алты алашқа жайылдырып,
Ұл-қыз бер орынымды ұстайтұғын.
Кең пейіл, кетпейтұғын көп дәулет бер,
Көңілін келгендердің қоштайтұғын.
Денемнен дем шыққанша денсаулық бер,
Ергізде ішкен асымды құспайтұғын.
Қайрат бер қорғайтұғын қатарымды,
Қайбір жан қабырғамды қыспайтұғын.
Өлгенде иманымды жолдас қылып,
Өмір бер орыныма тышпайтұғын.
Құлпырып киген сайын көз тартатын,
Торқа бер ішігімді тыстайтұғын.

1900
* * *
Я, Алла, Әһлісламға орнат ықпал,
Жүргізіп достың дінін Шакі Мұхтар.
Басына бақ қондырып талиплардың,
Таудай қыл дәрежесін ел, жұрт ақтар.
Тұрғансың заман айнып, заң бұзылып,
Ақылынан алжасып тұр әруақтар.
Бұл күнде бұзықтарға беріп тізгін,
Нараусып, нардай шөкті небір нықтар.
"Әй!" деуге аса қарап алар да әл жоқ,
Жай қалды жалынып тек жылап, сықтар.
Шарбағын шариғаттың шаң қылмаққа,
Ойлап тұр осы күнгі мүнапықтар78.
Олардың сақтап өзің пітнәсінан,79
Кеңдік қыл кетсін ойдан түскен дықтар.
Бұл қылған мүнажатты Мұстажап қып,
Бұлтынан рәкматыңнын түсір шықтар.

1900
* * *
Қызығын қияметтің Құдай берсе,
Һүрлерден саны бес жүз жұбай берсе.
Кәусардың гөлайтына барғанымда,
Соңымнан сылдыр қағып шұбай берсе.
Көрсетіп неше түрлі наз бен қылық,
Уқалап үсті-басымды сылай берсе.
Жайысып құшақтарын, қасын керіп,
Бәрі де бағынан су сұрай берсе.
Басуға бәрінің де ішдақасын,80
Көбейтіп қуатымды құрай берсе.
Міндіріп пырақтардың неше түрін,
Өзіме озат лайық шырай берсе.
Бұлардың барлығы да болар еді-ау,
Құлағын қу нәпсінің бұрай берсе.
Нараусып, нәпсі - нақан нардай шөгер,
Абырой, азаматқа рай берсе.
Жазылып мертігіңнен мәз боларсың,
Тәңірі өзі таупық атты мұнай берсе.
Бар қызығы пейіштің өзіңдікі,
Мұндағы құлшылығың ұнай берсе.
Тартады қияметте қатты өкініш,
Ер басы ел бетте емес, ылайда өлсе!
Тереңге тұңғиықсыз кетті дей бер,
Айырылып иманынан былай да өлсе!

1901




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу