👈 қаріп өлшемі 👉

  Өлеңдер ✍️

  16.07.2021
  56


Автор: Тұрмағамбет Ізтілеуұлы

Астыңда аң құтқармас атың болса

Астыңда аң құтқармас атың болса,
Хошрой қойынында қатын болса,
Әр түрлі дерт, сырқаудан денің сау боп,
Күлкі, ойын күнде көңіл шатың болса.
Көрініп көп ішінде көзге толық,
Сескентер сырт дұшпанды пәтің болса.
Пайдасын өз басыңның ойлай бермей,
Халыққа қылар қайратың болса.
Көргендер көзін салып отыратын,
Ұнамды үй ішінде затың болса.
Кететін ішкен, жеген елге жайып,
Асында артық шырын татым болса.
Адалдың арамменен парқын біліп,
Жазатын жақсы норма хатың болса.
Түймедей түйінді істің турасында,
Айтқаның ағайынға атым болса.
Тоқталмай топ ішінде сөйлейтұғын,
Білімді, балаларың батым болса.
Жар мен дос, жаңа - дағы жатың болса,
Аттанып алпыс үште дүниеден,
Оқылып аят, құран хатым болса.
Тазартса Тәңірі өзі, қиын емес,
Қаншама қара күйе, татың болса.
Көңілге — көкті тіреп отырғанмен,
Көз жұмып, көмілерсің, сәтің болса.
Сонда да сұм нәпсіңе ерік бермей,
Дініңнің дегенін қыл дәтің болса.
Араптың әрпіменен жаздым, балдар,
Ондап ал, оқығаның латын болса.

1936
* * *
Дос үшін шеккен меқнат, тартқан қайғы,
Қайғыңды қылар ұмыт бір талайғы.
Қан жұтып, қатарыңды қуандырсаң —
Арман жоқ, атың озып алдың бәйгі.
Көңілі үшін көрмей рахат бір-бірінің,
Ертеде өтіп кетті Мәжнүн-Ләйлі.
Кейінгі кең ойлылар қалдырды атын,
Жұрт үшін жаннан кешіп басыбайлы.
Шамаңша шамдай жанып, шашып қайыр,
Сен - дағы, серігіңе бол ыңғайлы.
Жұртыңа жүзден озып бәйгі алып бер,
Атыңның берік кезінде артқы айылы.
Жегізбей, жолдасыңнан жұлып алма,
Екен деп бұл жіліктің басы майлы.
Сыртынан көрмесе де көп дауамат,
Тілектес болады ерге, жұртқа жайлы.
Ағаны ағысы зор арна деп біл,
Ой тауып беретұғын өте сайлы.
Білгенге бұл сөзімнің мазасы артық,
Келісті кер биедей болған тайлы.
* * *
Адалын әйелден без өсектеген,
Ерден без "елді ептеп жесек" деген.
Жаманнан жақсылықты үміт етпе,
Жолдасын жау тұтынып, кесектеген.
Тақымы тек ауарға үйренгендер,
Жабыны "жатып тышар есек" деген.
Айтпасаң уақытында ұлы тойға,
Сөзді қой "пәлен - пәстен десек" деген.
Болып жүр құба төбел, құлпырмай-ақ,
Қыздардай өзін-өзі шешектеген.
* * *
Не жақсы бұл дүниеде, байлық жақсы,
"Жарлылық жақсы", - деген жанды тапшы.
Жайына, жанға тимей, жай жүргенмен,
Малсызды миы ашыған дейді "бақсы".
Бермесе барғанында бағлан сойып,
Досты да, дұшпанды да қарғар нәпсі.
Досыңнан дүние үшін айыратын,
Шіркіннің, шамаң келсе, басын шапшы!
Ізіне ит нәпсінің ере берген,
Жаманның жұрт көрмесін, жүзін жапшы.


Кейінірек оқу үшін сақтап қойыңыз:



Пікір жазу


Біз cookie файлдарын пайдаланамыз!
Біздің сайтты пайдалануды жалғастыра отырып, сіз сайттың дұрыс жұмыс істеуін қамтамасыз ететін cookie файлдарын өңдеуге келісім бересіз. Cookie файл деген не?
Жақсы