Өлеңдер ✍️

  16.07.2021
  176


Автор: Тұрмағамбет Ізтілеуұлы

Екі егіз

"Бар" мен "жоқ", "ал" мен "бер",
О басында егіз еді.
"Ал" менен "бар" барында,
Дүние шалқар теңіз еді.
"Бер" менен "жоқ" бірігіп,
"Ал" мен "барды" апарып,
Арыстанға жегізіп,
Бас қосып алып бай - байлап,
Өлді деп осы екеуін,
Халыққа "қай-қай!" дегізеді.
Не береке қалды енді,
"Бер" менен "жоқ" белгілі,
Жүрмейтін жөнге өгіз еді.
Өркені өссін қалайша,
Өздерің бер,- деп жарлыға,
Жалақтау — байлар негізі еді.
Алып жеуге асылында,
Төртеу де емес көздері,
Санағанда сегіз еді.
Тұрады, - деп, - қорып қорамды,
Аштарға қимай айранын,
Итке олар қойын емізеді.
Жасырып қойып жанына,
"Сорпа да жоқ" деуші еді,
Жеп отырып семіз ет.
Қайыр беріп, қарасып,
"Жетім, жесір, жүдеулер, -
Дейтін еді, - біздің неміз еді?".
Сол ниеті сойылдай,
Байлардың тиді басына.
Арашалап алуға,
Адам жоқ барар қасына.
Түскен тұман бұлардың,
Басынан қоймас ашыла.
Быж - шыж боп кетті бәрі де,
Қызғыштап қорып жинаған,
Мал менен мүлкі шашыла.
Сол сияқты сұмдықтан,
Күні бұрын күтініп,
Жан - жағыңды қашыла.
Күнің туды кедейлер,
Аяғына бұлардың,
Жүргеніңде басыла.
Бас қосып енді, бірігіп,
Күн көрудің қамын қыл,
Бір - біріңе асыла.
Дүниеде опа жоқ,
Алу үшін алғысын,
Аштарыңды асыра.
Кісі келсе кіржиіп,
Сөйлей көрме, сірә да,
Пейіліңді қашыра.
Миуалы дарақтай,
Алдына әкеп төге сал,
Байлардай қумай тас ұра.
* * *
Ажал — оқ, Алла — мерген, аспан — садақ,
Жер үйген омақаға ұқсас тұрмақ.
Қойылған басына оның біз — нысана,
Қалайша қиратылмай, қаламыз сақ?
Билеген жеті ықылымның жұртын тегіс,
Болды ерлер күлдей майда биттен де уақ,-
Болмайды ақылы барға, асылында,
Қылам деп қиял ету мұнда тұрақ.
Қақарынан Қадыр Хақтың қорыққаннан,
Ойлы ерлер ішкен асын құсады лақ.
Ғысиянның тозаңына тұрып қалса,
Біз — күмірә көздеріне түсірген ақ.
Шалжиып, шалқаңнан құр жата бермей,
Бектерім, пенделік қыл әліне шақ.
Алдында аңғаруға ненің барын,
Иманның көкірекке шырағын жақ.
Сайманын сапарыңның ал түгендеп,
Қайғысын үй-ішіңнің ойланбай-ақ
Көз жетпес көл сияқты көрінгенмен,
Бұл дүние, байқасаңдар, бес күндік - ақ.
Қаншама қайратың мол болғанменен,
Таусылса, таппай лаж, тартарсың дақ.
Баруға базарына ақыреттің,
Божырамай, буып белді, болып тұр тақ.
Қарарсыз қар қатындай дүнияға,
Құр қалма абыройдан құрып дұзақ.
Өзің қыл, өз қамыңды өзің ойлап,
Сенсіз - ақ күнін көрер қалған ұрпақ.
* * *
Айтқанын Құран атты қыл кітаптың,
Бәндәсін, басында бол бұл талаптың.
Жат қылып Жаббар Хақты жатсаң, тұрсаң,
Иманмен ішін көркейт көңіл — қаптың.
Міскін мен мұқтаждардың мұңын тыңдап,
Бажай қыл пәрмияшы пәк Рабтың.
Мекерге дүния атты мойын бұрмай,
Тұра түс тарихына тағатбаптың.
Бәндәлік бостанының миуасын жеп,
Жал байлап, жарағын қыл ол жанаптың.
Қайғы көп, қуаныш аз күн көбейсе,
Пайда не кеші - күндіз желіп, шаптың.
Қалайда құлдығыңды қалыс сақта,
Қолына түспей тұрып мірғазаптың.
Адамсың асылында абайласаң,
Жамғынан жәсәт болған тіл мен аптың.
Жатарсың, жан кеудеңнен жүдә болса,
Ішінде қабыр атты бір харабтың.
Атылары Мүңкір-Нәңкүр екі Мәләк,
Жайынан сауал айлар Нұн мен Кәптің.
Қиындық сол сағатта түсер басқа,
Көшесін тілімді алсаң, көп азаптың.
Тахаттан алжасып даң болар әркім,
Пазылынан болмаса үміт ол оқаптың.
Жаппар Хақ жердің жүзін қылса бостан,
Бұйрығын бітірсе жұрт оның қосқан.
Жайына қайтып келіп, халықты жинап,
Қуанып, қылса тойды бұрын босқан.
Бұзықтың бас аман ғып бәрі қашса,
Ысламның елатының алдын тосқан.
Сұлтан боп, шариғаттың шамын жақса,
Секілді ер Әубәкір, Омар, Оспан.
Атақты Арысландай ерлер шығып,
Өкпесін өңшең жаудың болса осқан.
Айтылып Алла ұраны, шат болар ек,
Тыйылып көздің жасы көлдей жосқан.
Болмаса бұл залымның қорлығынан,
Қорқып жан қорғалақтап жүрек шошыған.
Қабыл қыл қалайда да бұл тілекті,
Халқың — біз, пазылыңа қолын тосқан!
Он бесте оқа, зерлі алтындайсың,
Жиырмада шамшырақтай жарқылдайсың!
Жаннаттың жемісіңдей — жиырма бесте,
Қазыңдай қарашаның қаңқылдайсың!
Болсаң да өзің жарлы, көңілің - бай,
Жүйріктей жүзден озған қарқындайсың!
Сол күйде ауыр салмақ артылса жүк –
Қоңыраулы құба нардай тартынбайсың!
Бірде — бай, бірде - жарлы, бірде — орта,
Бай болып өне бойы артылмайсың.
Ойда жоқ одан кейін отыз келсе, -
Мал-дүние жинамауға артылмайсың.
Оһ, дарих, одан кейін - отыз бесте,
Тісеген тайында емген айғырдайсың!
Қисайып бір жағынан қырық келсе, -
Теңізде келіп қайтқан толқындайсың.
Ми толып, мерекеге басты қоссаң,
Сарайдың ашып - жапқан құлпындайсың.
Еңсеңе сөйтіп жүріп елу мінсе, -
Түнерген бес қонақтың бұлтындайсың.
Қолайлап қатарыңа наз қылмасаң,
Қыздарға қол жетпейтін ұмытылмайсың.
Еңбектеп еркелеген елу бесте,
Тең орта ұзақ жолдың жарпылдайсың.
Төбеңнен түнерген бұлт ауғаннан соң,
Киіздей шала басқан қарпылмайсың.
Алпыста ақ жүзіңнен ажар кетіп,
Сор ашып, суы қашқан шұңқырдайсың.
Алған соң жеңіп жетпіс ердің күшін,
Құрт жеген азу тістей былқылдайсың.
Сергелдең сөйтіп жүріп сексен келсе,
Төсекте күн-түн жатып ыңқылдайсың.
Еріншек, емсіз науқас болғаннан соң,
Емдесе емші қанша, құлпырмайсың!
Тоқсанға я келесің, я келмейсің,
Бір күні шаңың шығып бұрқылдайсың!
Жаһаннан болды жоян жолбарыстар,
Жойылды нышанасыз небір асқар!
Пәниден бәқадүрлер бас бұрған соң,
Етіп жүр елге иелік өңшең настар.
Қалмады үлгілі сөз өрен жүйрік,
Жойылды осы күнде әр жөн, жоспар.
Мазқәбі Ақзамның азиз тартты,
Болынып статья халыққа ашкар.
Ғажайып мақар хаттың кітабында,
Тәпсирі ошал мәшқұрдің бір хәдис бар.
Ақырда алады депті жердің жүзін,
Дейтұғын бір халық шығып бәни асқар.
Қарасақ жарық қылған мізамінә,
Мысалы ошал арыс соған ұқсар.
Қашаннан дін Қаразым, Бұхар Шарип,
Самарханд, Алматия, Бағдат, Қашқар.
Мәкәні Қожахметтің Түркістанды,
Бәрін де басқарып тұр пұт парасаттар
Бұл залым өз қылышын ұрғызып тұр,
Елінен естек, ноғай алып әскер.
Бізге де бұл мұсалдат бола ма деп,
Артықша уайымда артқы жастар.
Мүбада , ондай ақпар шашылғанда,
Үкіміне көнбейтұғын кімде күш бар?!
Әр нешік әмірінен мойын бұрмай,
Жұмыла жұрт бұл найсаптың сөзін қоштар.
Дәдәлап Сүқібі ошал шақырғанмен,
Қайырылып келу қайда кеткен қошқар.
Орыстан осы күнде ойлап тұрсақ,
Стамбул, ауған екен ашық жапсар.
Хабарын екі шақінің есітеміз,
Ғазаттың майданында жиған лашкар.
Ақ білер біздің әлдің не боларын,
Көрмесе сонан тоқтау бұл мәгастар.
Мазқапқа мақар Алла медет берсе,
Қолынан бұл дұшпанның келмес әшкәр.
Үмбетін қараплықта қалдырмағай,
Сәруәрі шапағатшы таңда мәшһар.
* * *
Ессіздер өз-өзінен есіреді,
Аяғын адам келсе, көсіледі.
Дегенге мәз-мәйрам боп, марқаяды:
"Қанды көз, қайтпайтұғын кесір еді!"
"Жаманның күнде бір үйі кемиді" деген,
Қоңсысын қасындағы көшіреді.
Басына байқаусызда бақан тиіп,
Бақадай бақ деп үнін өшіреді.
Көмпиіп үрген местей ice берген,
Тең шығып, бір жерінен тесіледі.
Сарайға түзу ағаш сүтін болып,
Қырық бөлек қисық ағаш кесіледі.
Түсініп осы айтқан үгітіме,
Ақылды азаматтар есінеді.
Жақсының жиын болып күн-түн алды,
Татаусыз тал жібектей есіледі.
Қамқорлық қатарына қылғаннан соң,
Алла оның күнде бойын өсіреді.
Басына бақыт қонып, ықпал орнап,
Алдынан іс түйіні шешіледі.
Күжімдей көлеңкелі болғаннан соң,
Әркімдер келіп белін шешінеді.
Алдыңа ақыл айтар ағаң болса,
Болдым деп қуана бер несібелі.
Дегендей: "Басшысыз халық — байсыз қатын",
Қариясыз халық, қалай да, жесір еді.
Жан-жаққа жазып сөзді тарататын,
Қол тілдің қызметкер пешірі еді.
* * *
Аш болам деп аблықпа,
Алланың өзі асырар!
Аблықпаған бенденің,
Басынан тұман ашылар!
"Сабыр түбі — сары алтын" –
Сақтамай неге асығар?!
Шүкірлік қылып, шыдасаң,
Қарының сәл-ақ ашығар.
Жалғыз сен емес, жұмыла жан,
Пазылына Оның асылар.
Ойына алған әр не жүк,
Бітіріп мұңын бәрінің,
Қатесін қылған жасырар.
Сол сияқты, Сұлтанға,
Ретін жоқ па, ерлерім,
Күніне бес бас ұрар?!
Бұйрығын оның бітірмей,
Бей опаға бес күндік,
Жөніміз жоқ-ау масығар.
Өлшейтін еткен ісінді,
Тандағы күні Тәңірінің,
Таразы сынды тасы бар.
Еткенің — егін сияқты,
Айдалған соң, орылып,
Орныңа барар тасылар.
Тәңірі өзі таупық бермесе,
Әурелейтін әркімнің,
"Қаннас" атты қасы бар.
Сендіріп оның сөзіне,
Саудаға басын салатын,
"Нәпсі" деген масы бар.
Қашайын десе астында,
"Дүние" деген күрелі,
Жүрмейтін, жаман мәші бар.
Осыларға алданбай,
Өткендердің ол күнде,
Көретін небір нашы бар.
Аузы кәусар, күрлер мен
Күллә мен пырақ, ішіп-жер
Неше алуан асы бар.
Саған да солар сақтаулы,
Құдайдың үйі, кеуілді
Қылмасаң қара, я шұбар.
Сайманыңды сайлап ал,
Базарыңның, баратын,
Небір ұзақ дәші бар.
Баз біреудің басына,
Дәреже, дәулет, бақ қонса,
Өзінен-өзі дәс ұрар.
Қолайсыз құлық қолданып,
Қызған темір қағындай,
Тұс-тұсына шашырар.
Ондайша болған ақымақтар,
Алып берер әр түрлі,
Қолынан құсын қашырар.
Қашқан соң құсы, қор тұтып,
Жан аяспас жар, досы,
Жабыла оған тас ұрар.
Тайған соң бақыт басынан,
Қатын, қалаш, бала да,
Бейшараны басынар.
"Қайда жаным қалады", - деп,
Үйден үйге имеңдеп,
Құмырсқадай тасынар.
Кеткен соң күйі, күйбеңдеп,
Көрінгенді "кеке" деп,
Мал мен мүлкін шашынар.
Сор болып тұзы сонда да,
"Сүйер - ау" деген достары,
Дұшпан боп оған, ашынар.
Қашқанменен қай жаққа,
Қары сынып қалжырап,
Мойнына қолын асынар.
Жар түбіне жатып ап,
Бір қолымен биттеген,
Борбайын тыр-тыр қасынар.
Күжімге кеулін балаған,
Астында қалып ауырдың,
Я қисаяр, я сынар.
Тасып қайтқан судай-ақ,
Шүкірлік етіп шынымен,
Өзінен өзі басылар.
Қай жақтан қарқын алады деп,
Шекпен киіп, шым тасып,
Айналасын қашылар.
Қатесін кешсе Қадыр Хақ,
Қайтып түсер қалпына,
Сол сияқты асылар.
Үзбесеңдер үмітті,
"Ал құлым!" деп, әп-сәтте,
Жұмылған көзіңді ашырар.
Шапағатына оның шама жоқ,
Болсадағы кешірер,
Кеуілдің нендей насы бар.
Тойындырып тойлатар,
Болғанменен қаншама,
Халықтың ғаріп, ашы бар.
Теріп алып тереңнен,
Жинап жүрген дүрім бұл,
Үстеріңе шашылар!
Ал таласып, тармасып,
Көздеріңнің, көрмейтін,
Болмаса егер жасы бар.
Жазулы жасы жеткен соң,
Жөнелер әркім жақаннан,
Екі аяқ, бір басы бар.
Біткенсің демі, әркімдер,
Ұстасаң тұрмай, ышқынып,
Тигендей қамшы, ашынар.
Ұшыраса маған ол нәубет,
"Жоқта", - деп жұртқа өтінем,
Кәрісі бар, жасы бар.
Дуасы көптің дауа боп,
Сау алса соңыра, қиын емес,
Біздейін дімкәсі бар.
* * *
Кереге, уық тапқанмен,
Басын қосар шаңырақ жоқ.
Түйе, тайлақ жиғанмен,
Аунап жатар шаңлақ жоқ
Сайрайтын кейбір бұлбұл бар,
Бау мен бақша шарбақ жоқ.
Үй басына бір есек,
Суырылып озар саңлақ жоқ.
Тамағын таппай, ақтап жүр,
Дейтұғын небір маңғалдар,
Маңдайға тиер таңлақ жоқ.
Құрт ішін кеулеп қойған соң,
Көлеңкелі гүжімде,
Сабандай-ақ заңлы салмақ жоқ.
Талабың оңға айналса,
Егізіңдей емпеңдеп,
Ел ізіңнен қалмақ жоқ.
Бақыт тайса басыңнан,
Халық түгіл қатын, балаң да,
Айтқан тілінді алмақ жоқ
Опасызын дүниенің,
Ойлайтұғын көңілде,
Ақылмен зерек аңлақ жоқ.
Батпаққа батып жатқанмен,
Нәпсі деген найсапта,
Оңалу бар да, арымақ жоқ.
Жаманның сөзі сойылдай,
Солқылдатар миыңды,
Басынды текке жармақ жоқ.
Жар басында отырып,
Жайын алып жемекпіз,
Ау-жылым, яки қармақ жоқ.
Білімге бай болмақпыз,
Үйренуге үлгі, үгіт,
Жақсы алдына бармақ жоқ.
Жылатқан жұртты залымның,
Өркен жайып, ұлғайып,
Басына дуа дарымақ жоқ.
Құрдымына қарттықтың,
Қадамың тайса бір күні,
Шығарып алар тармақ жоқ.
Кең ойлы туған гөзелдер
Көргенменен тарлықты
Ақылынан танбақ жоқ.
Қысқа ойлы, қысық шекелер,
Қамқоршылық қылғанмен,
Айтқаныңа нанбақ жоқ.
От қойғанмен құр пілте,
Шам сияқты созылып,
Жарқырап жайнап, жанбақ жоқ,
Аты мағлұм әр жерде,
Ақындардың сөзіне,
Құлақтың құрышы қанбақ жоқ.
Алла айдаса әрқайда,
Баратұғын домалап,
Адамнан жеңіл қаңбақ жоқ.
* * *
Ар-намыс, азаматтар, қайда қалған,
Адам кім ар-намыстан пайдаланған.
Кем болып бөрі қойдан, өрлер ойдан,
Тау мен тас теп-тегіс боп майдаланған.
Нәқандар нарау тартып, болып қалды,
Соқырдай созып қолын қармаланған.
Күніңді өтіп кеткен өксігенмен,
Нәрсе жоқ табылатын айналаңнан.
Ақырын Алла өзі оңғармаса,
Жау қамап, жан-жағыңды жайлап алған.
Барар жер, басар тауың көрінбейді,
Соқпасаң сабыр атты шайла маңнан.
"Кейіні кеніш — реніштің" бола қойса,
Су ағып, сайрар бұлбұл сай, даланнан.
Шешіліп шідерлерің көз ашқанша,
Жетерсің жерлеріңе айда барған.
Аяғы аузын анық басқанменен,
Адам көп аман кеткен айдақардан.
Өкінсе өңшең бұзық ғажап емес,
Қынышын қиға шауып қайрап алған.
* * *
Сырыңды сыртқа, бектер, білдірмесең,
Қиянат қылып, халықты бүлдірмесең;
Жауыңа жаныңа ерген жолдасыңнан,
Еш нәрсе, егескенде, ілдірмесең;
Қолыңа түссе олжадан бүтін күндіз,
Жартысын менікі деп тілдірмесең, -
Жарасар жал үстіне жалау тігіп,
Қоңыраудай хан ұрдырған күлдірлесең!
Ете алмай осы айтқанның біреуін де,
Баладай, болады ұят, шүлдірлесең!
Халқыңның қамын ойлап, жалбар Хаққа,
"Өлгенше ұрпағымды күлдір!" - десең.
Сұм нәпсің сумаң қағар қуанғаннан,
"Дін менен дүниямды бүлдір!" - десең.
* * *
Өмірді өткіздік құр балалықта,
Ескеріп, енді ғибрат алалық та!
Ізіне ит дүниенің ере бермей,
Қамында құлшылықтың қалалықта!
Тәубаның тірілікте туын тұтып,
Күнәдан аулаққа бой салалық та.
Шақырып шын көңілмен Алла ұранын,
Жауларды жатпай, тұрмай талалық та!
Жаратқан Жаббар Хаққа жалбарынып,
Құрбан ғып, қу нәпсіні шалалықта!
Жайына құлшылықтың қанығалық,
Шекерін шәкид аттың жалалық та!
Қара бол, хан бол, мейлің, қамыңды қыл,
Мекенің, мың дегенмен, молалықта!
* * *
Ия, дүния, етер бізге опаң бар ма,
Құмармыз сені қуып, қопаңдарға.
Кеттің - ау нешеулерді тағы тастап,
Түздегі терең құдық апандарға.
Біздерге етер ісің — сонау - дағы,
Жұмысың - жолдасыңды тонау - дағы.
Сұм дүние, соларыңды ойлағанда,
Болмайды, сірә, саған жолау тағы!
Амал жоқ, аз күніме сен керексің,
Сырғанап, тұрмайтұғын дөңгелексің.
Қолыңа, қалайда да, қалдым түсіп,
Күн бұрын айналамды дөңгелепсің!
Өзің біл, маған азар берме артық,
Табына жақпа отыңның мені тартып.
Кетемін дүнияға сені тастап,
Қайткенмен жүре алмайтын үстіңе артып.
Қаласың құр алақан ақыр босқа,
Кесірлі көргенім жоқ сендей шошқа.
Жалт беріп желмаядай аунатасың,
Жүргенмен жақын көріп, балап досқа.
Қозғадың қонысынан қанша елді,
Суалттың шалқар айдын небір көлді.
"Соларым ұят болған екен-ау", - деп,
Қайтеді үкіміңді қойсаң енді.
Сенің де шамаң мәлім қоймағанмен,
Олжалап, осыншаны тоймағанмен.
Ішінен сені ешкім жақсы көрмейді.
Қутыңдап қу кемпірдей ойнағанмен.
Қайткенмен күнің батып, өшер үнің,
"Қайда, - деп өкінерсің, - өткен күнім?"
Сұмдыққа, соны ойламай, үйір болған
Қар дүние, қарары жоқ құрсын түрің!
* * *
Айтқанын тыңда әрқашан,
Алдындағы ағаның!
Болады олар, ойласаң,
Бұрыннан қалған бағаның!
Білімге бай көнелер -
Ұқпасын да сағаның!
Қайткенмен, сендер жүрсіңдер,
Үстінде жар мен жағаның!
Соң тусам да; "Төбеңнен, -
Демеңдер, - жерге қағамын!"
Емессің, бірің, байқасам,
Білімсіз бала-шағаның!
Үлгі, өнеге үйренбей,
Қиялды қиын табарың!
Осы еді сөзі өткеннің,
Бар ма онан хабарың?!
Түсінбесең осыған,
Тұр ғой бізді сабарың!
Қайткенмен көзге көрініп,
Жоқ ұзаққа шабарың.
Түсінсең жаттап аларсың,
Мазмұнын осы наманың.
"Біріңді бірің сүйе" деп,
Сөйлеп те тұр ғой заманың.
Жабырқатпа жан көңілін,
Болғанменен жаманың.
Өсиетін осылай
Берік ұстан бабаның!
Солардың салған жолынан,
Аумасын, асылы, табаның.
Үлкеннен үлгі үйренсең,
Мысалында боларсың,
Қорабалы сабаның!
Шал десең де, шырағым,
Шалығып, шаршап қалатын
Емеспін ондай шабанның!
Кетсем қызып, қалайда,
Сен секілді жастардан,
Ұзаңқырап шабамын!
Көптің көзі қызығар,
Қымбат баға дүрлердің,
Талайларын табамын!
Білмейтін қадірін олардың,
Ойлары тайыз үркектен,
Ұрлаңқырап жабамын.
* * *
Не өнер мүсибатқа мұңайғаннан,
Шүкір етер, шытпас қабақ мұны ойланған.
Сабыр етіп Саттар Хақтың бәлесіне,
Артықша Аюп, Нәби шырайланған.
Үкіміне ренжімей көнгендердің,
Көркейтер кеуілдерін ылайланған.
Таңы бар түннің - дағы, түртсе көрмес,
Болмаңдар бекер босап, жылайманнан.
Отырсаң тәуекел деп Тәңірі ісіне,
Боларсың бітіп дәулет тыңайғаннан.
Өзінің уағдасы бар, үзбе үміт:
"Берем деп қажетіңді сұрай қалған!"
* * *
Бітсе өмір, бұл дүниеден кім өтпейді,
Болса өмір, кім амалдап күнелтпейді?!
Өлем деп өмір бітпей, етпе уайым,
Өзінен өзгеге Алла түнертпейді!
Жегізбей баста жазған несібеңді,
Уақытсыз у-шу қылып, үдертпейді.
"Қайғырар ертеңі үшін есек" деген,
Келтірер көкірегіңді көнертпейді.
Осыны ойлы ерлер өте тыңдап,
Құлағын "қой оны" деп елертпейді.
Үкіміне мойынсынып, сабыр еткен
Құлдарын құр қол тіпті жөнелтпейді.
Білмеген бар деп оны бұзықтар да,
Оларға "иман" атты төл ертпейді.
* * *
Жақсы адам жатық мінез, кішік болар,
Кигені кілең торқа, ішік болар.
Халықтар қай жердегі құрмет етіп,
Таласып сарқытынан ішіп болар.
Бақаумай бастарынан өлгенінше,
Жүзімдей өздері де пісіп болар.
Түбінен қопарылып қалғанынша,
Алдына аш-арықтың түсіп болар.
"Жесек, - деп, - жемісінен біз де барып",
Табаны талайлардың қышып болар.
Сияқты ел —Зылиха ертеде өткен,
Өздері — Жақыпұлы Жүсіп болар.
Жаманның өзі — жерде, көзі — көкте,
Көңілі үрген местей ісік болар.
Сырты — адам, сиқы адамдай болмаған соң,
Сұп-суық, көп көзіне үсік болар.
"Тесіліп кетемін, - деп, - нәрсе тисе",
Зәресі өзінің де ұшып болар.
Сондықтан, маңайына барғандардың
Үстіне түйедей-ақ құсып болар.
Айырылып, ақырында, абыройдан,
Саңқиып, сап-сау мұрны пұшық болар.
Болғанмен өз ойына өзі батпан,
Тарыдай су ішпеген ұшық болар.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу