Өлеңдер ✍️

  16.07.2021
  331


Автор: Тұрмағамбет Ізтілеуұлы

Баз біреу мал-мүлікке масығады

Баз біреу мал-мүлікке масығады,
Сабыр етпей, сасқалақтап, асығады.
Тегешін толып тұрған төгіп алып,
Отырып өз-өзінен ашығады.
Кендіктің кібіті оған кілттеніп,
Бейнеттің бар есігі ашылады.
"Бір зауал әр қамалға болады" деген,
Қарқыны қайтқан судай басылады.
Даналар дәреже мен дәулет бітсе,
Шүкір етіп, фазылына Хақтың асылады.
Жеті ықылым жетегінде жүргенменен,
Жетсе ажал, жиған мүлік шашылады.
Оқ тиіп өкпесінен не гөзелдің,
Қан-жыны қанша жерге шашырады.
Болған соң ақыры осы, ақылы барлар
Несіне бұл дүниенің дәс ұрады.
Жазы - қыс жаңды қинап жүргеніңмен,
Бітсе өмір, тас төбеңнен тас ұрады.
Тұз, дәмің тататұғын түгесілсе,
Міндіріп ағаш атқа асырады.
Көзіңді қарға, құзғын шұқымасқа,
Туғаның топырақпен жасырады.
Соны ойлап Саттар Хаққа сана айтып,
Ойлы ерлер күніне бес бас ұрады.
"Өлімнен есен-аман қаламын" деп,
Тар тоқып, кім жан-жағын қашылады?
Ер болсаң ерте ойла өлеріңді,
Кәрілік бастан миыңды қашырады.
Жұмысын медет кеткен соң, меңгере алмай,
Мәңгілер пұт, борбайын қасынады.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу