Өлеңдер ✍️

  15.07.2021
  145


Автор: Тұрмағамбет Ізтілеуұлы

Жырыңды жаз жөрмелеп

Барады өмір арбадай,
Төмен қарай дөңгелеп.
Шығу жоқ енді қайтадан,
Өр үстіне өрмелеп.
Балалық қалды қалайда,
Қатуланып: "Көрме!"деп.
Кәрілік келіп, қоғамдап,
Алып тұр аудай көңгелеп.
Қылатын мұның түрі бар,
Бір басымды он бөлек.
Аз қалды адам, аңғарсам,
Айтатын "аға-жеңге" деп.
Сондағы жүрміз жазы, қыс,
Жортақтап, иттей шөңгелеп.
Ақылым үгіт айтады:
"Дүнияға көңіл берме",- деп.
Нәпсім айтады: "Әлі де
Құлашыңды серме", - деп.
Қайтерімді біле алмай,
Ойымды жүрмін бөлмелеп.
Сағым сынды сағым боп,
Барған жерім "келме" деп.
Жаратқан жоқ Жаппар Хақ,
Ешбір жанды "өлме" деп.
Көремін небір төзелді,
Жатқанын жұрттың көмбелеп.
Осыған қарап ойланам,
"Ақылдікі жөн бе?" - деп.
Нақ олай көрем нәпсімді —
Жүрмейтін жөнге жөң бедеп.
Өз - өзімді нығайтам:
"Туралықтан төнбе!" деп.
Жаратқанға жалынам,
Ниетімді жөнде деп.
Көңілімді көркейтіп,
Ажарлап әбден өңде деп.
Азайып ақыл, алайда,
Барады нәпсім өнбелеп.
"Айтқанын ет, - деп, - осының"
Шайтан да тұр теңбелеп.
Қосылып дүния оларға,
"Жүргіземін жөнге" деп.
Жұлқынып жүрмін шамамша,
"Шығамын қашан дөңге?" - деп.
Жаққай да Тәңірім көңіліме,
Иманның шамын "сөнбе" деп.
Келеді бір күн өлім де,
"Іздегенім сен бе?" деп.
Біткен соң тағдыр, табытқа
Тұрады - ау: "Таңып,теңде!"деп.
Жер ошақтай жер қазып,
"Жат, - дейді жұртым, - сен де кеп".
Оны ойлап өкінем:
" Ақыл жоқ-ау менде",- деп.
Ауысқанмен ақыл-ес,
Барармын кімге "емде" деп,
Соңырағы күн Саттар Хақ,
Айтқай - дағы: "пәндә"деп.
Өлмей тұрып он саусақ,
Жырынды жаз жөрмелеп.
Көрін көптің көзіне,
Кигендей көйлек бүрмелеп,
Сұңқар мойын, сұлу бол,
Көздерін қойған сүрмелеп.
Тұрпатыңа таңырқап,
Қарасын бәрі "құр ме?" деп.
Тұлпарын ойдың ұстап ал,
Қайткенменен кермелеп.
Баладай баптап бағыңдар,
Біресе шешіп, бір бөлеп.
Түсіндіріп түбінде,
Айту артық термелеп.
Ерінбе, елің келген соң,
"Сөзге шешен ер ме?" деп.
Келтір әбден сазына,
Домбыраңды пернелеп.
Сөздің парқын байқайтын,
Білімді, бірақ, ер керек.
Білмегендер бұлғақтар,
Ілгендей мойнына ергенек.
Бірнеше бар еді мамандар,
Сөздері сұлу бір келеп.
Жатып алды олар бұл күнде
Әр төбені іргелеп.
Көрінемін көңіліме,
Жат адамдай бір бөлек.
Азайып қатар қалған соң,
Болыппын қорқақ, үргедек.
Халқым мені көреді,
Биедей – ақ бір көнек.
Ұнамаса айтқаным,
Етер мені кім керек.
Отырғандай ойым бар,
Жар басына мінбелеп,
Сүрінемін әр жерге,
Келе жатқандай түнделеп.
Күлкі қыла көрмеңдер,
"Мылжың екен мүлде" деп.
Көремін көптің алғысын,
Һұр бергендей үлделеп.
Тілектес тегіс болыңдар,
"Ұрпақ шашып, гүлде!" деп.
Қазандай ішім қайнайды,
Тұрмаса шығып күнде леп.
Сондықтан сөгіс бермеңдер,
Сөйлей берген "бұл не?" деп.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу