Өлеңдер ✍️

  15.07.2021
  145


Автор: Ақұштап Бақтыгереева‎

Арнау

(Әбіш Кекілбаевқа)

О Әбеке, не нәрсе алпыс деген -
Азаматқа айбынды талтүс па екен?
Әлде мынау өмірде баяны жоқ
Әділдіктің жолында тартыс па екен,
О Әбеке, не нәрсе алпыс деген?
О Әбеке, алпыс бір өткел ме екен,
Біреу жетпей, біреулер жеткен бе екен?
Әулиедей анаға еркелеумен
Алпыс рет оралған көктем бе екен,
О Әбеке, алпыс бір өткел ме екен?
Оңай сөз бе алпыс жас бір айтуға,
Мерейтой ма өзіңдей тойлар тұлға?
Қайта толғап тербетіп Манас - жырды,
Ақ қағазға түндерде сыр айту ма,
Оңай сөз бе алпыс жас бір айтуға?
О Әбеке, алпыс жас ер жету ме,
Ұялатып ұлылық келбетіңе?
Абыл тартқан күйлердей күңірентіп,
Туған елді қаламмен тербету ме,
О Әбеке, алпыс жас ер жету ме?..
Үлкендікпен алпыс жас достасу ма?
Жақсылармен жайраңдап бас қосу ма?
Еңсеп қазған шыңырау мөлдіріндей
Алыс қалған жастықпен қоштасу ма?
Үлкендікпен алпыс жас достасу ма?
Өзің шыққан шыңы ма мұнараның,
Ойға шомып кезу ме жыр алаңын?
Әке болып, ата боп мейірлене,
Ыстық шәйін күту ме Клараның,
Өзің шыққан шыңы ма мұнараның?..
О Әбеке, не нәрсе алпыс деген,
Азаматқа айбынды талтүс па екен?
Әлде мынау өмірде баяны жоқ,
Әділдіктің жолында тартыс па екен,
О Әбеке, не нәрсе алпыс деген?..
1999 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу