Өлеңдер ✍️

  15.07.2021
  166


Автор: Ақұштап Бақтыгереева‎

Ақ Жайықтың айдыны

Ай, күні бар Жайықтың,
Ақ таңы бар арайлы,
Айдыны бар Жайықтың,
Әлдилеген талайды.
Даласы бар Жайықтың,
Алуан түрлі гүл өскен.
Жағасы бар Жайықтың,
Ғасырлармен тілдескен.
Ұл аңсаған ауылға
Даусы күй боп таралған.
Толқынынан дауылда
Құрманғазы жаралған.
Елдер көшкен далада
Тынышсыз бір тұрды ағын
Елдер көшкен жағада
Керіледі құм Нарын.
Ішке шері сыймады,
Шөліркеді сол құмдар.
Дүниеге Динаны
Алып келді толқындар.
Сұлулығын қайғылы
Қыз Жібекке сыйлаған,
Сезім, сырын айдыны
Аямады Динадан.
Жұлқып өмір есігін,
Исатайы ер жеткен,
Өжет толқын бесігін
Махамбеттің тербеткен.
Жасынан әр жүректі
Күш-жігерге билеткен,
«Қыран бол- деп түлекті
Өр мінезге үйреткен.
Ай, күні бар Жайықтың,
Ақ таңы бар арайлы.
Айдыны бар Жайықтың
Әлдилеген талайды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу