Өлеңдер ✍️

  14.07.2021
  258


Автор: Айтқали Нәріков‎

Суретші Сәкен Ғұмаровтың мұражайында

Қабырғада қанша сурет ілінген!
Дал боламын түсіне алмай бірін мен.
Шарасыздық шырмап алған санамды,
Сезіледі демімдегі дірілден.
«Адам деген алты аяқты болама?
Үшбұрыш бас - үйлеспейді жобаға».
Осы ойлармен ұзақ қарап тұрамын,
Тығырыққа тіреліп сан жорамал.
Тажал түсіп келе жатыр ғарыштан,
Құбыжықтар бір-бірімен алысқан.
Бұраңдайды айдаһардың құйрығы,
Кеуде жағы - жалы құлаш арыстан!
Анау аспан, осы мына жер үсті,
Неге сонша бір-бірімен керісті.
Алауыздық адамдарды аздырып,
Ібілістер тойлап жатыр жеңісті...
Бір суретте - шыңырау мен қия-шың,
Шыңырауға салған қыран ұясын?!
Қия-шыңға өрмелеген жыланға,
Биіктікті қалай ғана қиясың.
Адам неге ойға бәрін жыяды?
Бір басына солар қалай сыяды?
Түсінбесем, түсінбей-ақ қояйын,
Ғажап бірақ Ғұмаровтың қиялы!
Мойын бұрмай қылығына тасырдың,
Сәкен аға, сен өнерге бас ұрдың.
Суреттерің бет-бейнесі сияқты,
Қан құстырған жиырмасыншы ғасырдың
Адамдар аз заманамен бір үні,
Көп нәрселер ойлантпайды тіріні.
Ғұмыры ұзақ іс тындырам деп жүріп,
Қысқа болды Ғұмаровтық ғұмыры.
Тірлік кештім қасқыр да тоқ, қой да аман,
(Немкеттілік, бойкүйездік - сол жаман).
Сәкен салған суреттерді көргенде,
Осы күні кәдімгідей ойланам!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу