Өлеңдер ✍️

  14.07.2021
  110


Автор: Айтқали Нәріков‎

Сотым болып...

Көп қылығым көңліме жақпауы шын,
Бұрқ-сарқ қайнап ызадан жатты-ау ішім.
Шалыс басқан қадамнан сабақ алам,
Шылығына өмірдің батпау үшін.
Жалған айтып бұл жерде керегі не?
Өттім қанша тағдырдың «елегінен».
Жақсы-жаман бір жүрген бұл жалғанда,
Мазасыздау күн кешіп келемін мен.
Қорғасындай балқиды ойым дәйім,
Бірде қасқыр, ал бірде қойыңдаймын.
Күнде қырық құбылған мінезім бар,
Басымды ал, мұнымды мойындаймын.
Жетпіс деген қазір мен белеңге өттім,
Жазғаныммен елімді елеңдеттім.
Сыншы болып өзіме, байқасаңдар,
Өлең арнап, өзімді төмендеттім.
Кеш ашылған бір гүлдің бүршігі едім,
Бітпейтіндей ешқашан жыршы демім.
Мінім болса, күтпеймін аяушылық,
Ей, достарым, сотым боп жүрші менің!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу