Өлеңдер ✍️

  14.07.2021
  111


Автор: Айтқали Нәріков‎

Сағыныш

Таң қалар жерін алғаш басқан адам,
Мен жиі болып тұрам астанада.
Сонда да туған ауыл орны бөлек,
Мұны адам ұқпайды екен жаста ғана.
Тағдырдың көріп өстім алалығын,
Көп терген жоқпын мынау дала гүлін.
Мешейдің көшесінде қалып қойды,
Жүдеу өң, жадау көңіл балалығым.
Жақсымды жалпақ елге жариялар,
Асқар тay, өткел бермес дариялар,
Бұл күнде селдіреп тe қалды дейді,
Әкемнің көзін көрген қариялар.
Көңілге дала сыйған, қала сыймақ,
Жүрмеңдер бара қалсам, дара сыйлап.
Жатсынбай мені қарсы алар ма екен,
Достарым бала кезгі «қара сирақ»?
Жырларым, бағыт - ауыл,
алға ұшыңдар!
Айтатын оған көп-көп алғысым бар.
Әрқашан ақ тілеуі әзір тұрған,
Аналар, ақ жаулықты бармысыңдар?
Жаңаша сыр шерткен бұл шақта дәуір,
Баспайды иықты жүк батпан ауыр.
Мен сенде туғанымды мақтан етем,
Мал бағып, нан өсіріп жатқан ауыл!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу