Өлеңдер ✍️

  14.07.2021
  150


Автор: Айтқали Нәріков‎

Өлеңімен озады

Жанғали Набиуллинге

Өмір бойы аруақ тұтып жыр атын,
Соған ғана бағыштаған мұратын.
Елеусіздеу жүріп жатты Оралда,
Қалың қазақ білетұғын бір ақын.
Түбінде бір кезек келіп әр үнге,
Біліп едім, еленерін елінде.
Залым заман перісі емес, халайық,
Өлең сөздің серісі отыр төрінде.
Талшыбыққа жол бастаған қарағай,
Таршылықта жол бастаған дарадай.
Өлең отын үрлеуменен келеді,
Тоқшылыққа, жоқшылыққа қарамай.
Қанағат қып ырыздыққа қолда бар,
Нағыз ақын тек өлең деп толғанар.
Күнде оны шаңға көміп кетеді,
Жүйткіп жүрген «Вольвалар» мен «Волгалар».
Жыр жинағын жаппас уақыт тозаңы,
Ол қашан да биіктіктен қол созады.
Бұл күндері жаяу жүрген ақындар,
Болашақта өлеңімен озады!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу