Өлеңдер ✍️

  14.07.2021
  140


Автор: Айтқали Нәріков‎

Өкініш

Еркін өскен ұланы едім даланың,
Қалаға кеп, біртүрлі боп барамын.
Кінәламан, кінәламан ешкімді,
Өз мінімді өз бойымнан табамын.
Біреулерге көрінем деп жақсыатты,
Бұлдырлау ғып алдым білем мақсатты.
Тірлігіме ырза болмай келемін,
Содан болар, жүйкем шаршап, бас қатты.
Тосылмайтын жерлерде сан тосылдым,
Қосылмайтын адамдарға қосылдым.
Ауырлатып келем әлі күнәмді,
Кемшілігін бетіне айтпай досымның.
Темір құрсау салып қойып сезімге,
Жылағанды жұбатпадым кезінде.
Саналының құлағына жетпей жүр,
Айтылатын жерде айтылмай сөзім де.
Босқа өткізген күндер үшін асыл кіл,
Бұл кездері ұшым менің қашып жүр.
Көңілдегі күдігімді көбейтіп,
Жыл артынан бара жатыр асып жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу