Өлеңдер ✍️

  14.07.2021
  93


Автор: Айтқали Нәріков‎

Күйші

Қос ішек бір-біріне жалғады ұшқын,
(Пернелер буынындай нарқамыстың).
Күйші отыр қалың жұрттың құрсауында,
Елтімей сырлы сазға қалмады ешкім.
Тұрған соң сан жүректен тамыр алып,
Үйдің де биіктепті шаңырағы.
Күйшінің құдіретімен сиқырлы үндер
Шанақтан шапшып шығып, аңырады.
Сұм ажал азаматын ілген келіп,
Сыңсиды ол арудайын жүрген кеміп.
Ал бірде етжүректі егілдіре,
Боздайды ботасы өлген інген болып.
Сұр жебе жас қан аңсап, ысқырады,
(Қашан да оқ қапылыста күш қылады).
Мергеннен таяп қалған құтылсам деп,
Кер құлан үш аяқтап ышқынады.
Отырып қалып едік қатты астып,
Мына күй келе жатыр шаттық алып.
Ұлпадай күйдің жұмсақ алақаны
Жарасын кей жүректің жапты барып.
Түн болып, көк күмбезі аласармай,
Нұрына алтын Күннің таласар ма Ай?!.
Caп көздер ұшқын ата қарап қапты,
Төрдегі шынашақтай қара шалға.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу