Өлеңдер ✍️

  14.07.2021
  107


Автор: Айтқали Нәріков‎

Кішілік

Шығарып күміс кірпік Күнді іргеден,
Өткенін жиырма бестің білдірмеп ең.
Қырыңда қалған жалын шағымды ойлап,
Жайым бар сезім отын күнде үрлеген.
Өмірім аумаса да екіндіге,
Керуенім жаңа бұрды бетін Күнге.
Төсіңе іздерім де көп түскен жоқ,
Тұсауым менің кештеу кесілді де.
Сіміріп самалыңды жанға дәрі,
Ауаңмен қасиетің жанға дарып.
Тебісіп телқұлындай өскен достар,
Егін caп, машина айдап, мал бағады.
«Атқамін, әйтпесе, бұл «бұзылғаның»,
Қайтерсің деп бірінің сызылғанын.
Тақайды енді бірі танауыма,
Қырманның көсіп алып қызыл дәнін.
Елтимін, қараймын да дала жаққа,
Толады көңіл шіркін қанағатқа.
Ауылым, мені дәйім дәмің ұрсын,
Қалдырар болсам сені жаманатқа.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу