Өлеңдер ✍️

  14.07.2021
  114


Автор: Айтқали Нәріков‎

Жырсыз өткен жылдар

Түсірмей шұғыласын бетіме Күн,
Босқа өткен жылдарыма өкінемін.
Алаңсыз еш нәрседен жүрдім қалай,
Бардай-ақ бір өзімнің екі демім.
Деуші еді арман серік мақсаттыға,
Қу тірлік мақсатымды ақсатты ма?
Тоқмейіл болып әлде кеттім бе екен,
Басымды айналдырып мансап мына.
Селдей бір жөңкіп жатқан жарды басып,
Әйтеуір, күндер жатыр алға ұласып.
Ac ішіп, аяқты құр босатқандай,
Өзіме-өзімнің жүр қарным ашып.
Мен талай тербеп едім бесігіңді,
Айтар деп күтіп жүрмін кесіміңді.
Жанымды мұңға бөлеп, өлең, досым,
Көп болды ашпай кеттің есігімді.
Тірліктің сүйресем де қол арбасын,
Іздейді қиял құсым қонарға шың.
Өзіме болам ыза сезген сайын,
Жылдардың жырсыз өткен оралмасын.
Қалайша жүрегімді құшпас жалын,
(Өзіме сенбей неге іс бастадым).
Құлдырап көз ұшында бара жатыр,
Қосылған жыр бәйгеге тұстастарым.
Кезім ғой әр нәрседен сыр ақтарған,
(Жеңілдік болмас бірақ бұдан маған).
Мен қазір ұқсап тұрмын бейнетқорға,
Ырыс боп маңдай тері құралмаған.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу