Өлеңдер ✍️

  14.07.2021
  138


Автор: Айтқали Нәріков‎

Жалғыз шал

«Құдай маған бермеді, - деп, - бір бала»,
Отырды ол кеуде толы мұң-нала.
Ұзақ күнгі алданышы домбыра,
Ұзақ түнгі алданышы жыр ғана.
Келіп-кетіп жатқан үйге дүрмек көп,
Кісі келсе, көкірегінде гүл көктеп.
Ол қонағын құдайындай сыйлайды,
Жұрт та оны жүреді ылғи құрметтеп.
Сәйгүлікті керілдіріп кермеде,
Жоқ шығар-ау қызық та ол көрмеген.
Сүйіп алған қосағы еді кемпірі,
Оны осы көктем шыға жерлеген.
Арман! Арман! Шыңсың ғой сен басы бұлт,
Сені қуды ол жазын қысқа асырып.
Енді, міне, үнсіз ғана налиды,
Бар қайғысын бөтен көзден жасырып.
Ағыл-тегіл ақтарылып төкпе күй,
Биіктерге шырқап жатыр өктем үн.
Қайсарлықты сездіреді жалғыз шал,
Төзімділік танытады шеттегі үй.
Басы сыйлы бір адам ол бұл маңда,
Бар шаруасын көрші-қолаң жүр қамдап.
Жалғыз дейміз, адам жалғыз болмайды,
Елі-жұрты аман-есен тұрғанда!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу