Өлеңдер ✍️

  14.07.2021
  288


Автор: Айтқали Нәріков‎

Ақбөбек пен Қайып

Ақбөбек ару мен әнші-зергер Қайыптың ескі замандағы бақытсыз махаббаты Маңгыстау өңірінде күні бүгінге шейін аңыз болып айтылып келеді. Қайып Құралайұлы - әйгілі «Ақбөбек» әнінің авторы

Махаббаттың тұрсын да тасып нұры,
Ақын ісі көрсету ашып мұны.
Ел аузында қалды ғой аңыз болып,
Ақбөбек пен Қайыптың ғашықтығы.
Заманында малды мен білектінің,
Қараңғылық кесті ғой тілекті мың.
Басқа есікке Ақбөбек пенде болды,
Ұсынса да Қайыпқа жүрек гүлін.
Елу жылдай құсадан айықпаған,
Елу жылдай болды ол «айыпты» адам.
Елу жылдай даланы күңірентті,
Ақбөбектің зарлы үні «Қайыптаған».
Зілман жылдар кеудесін басып өтіп,
Бөбек алды Қайыптың акыл-есін.
Махаббаттың күшіне не дауа бар,
Жіберген соң зергерді ақын етіп.
Елу жылдай сезімін өбектеген,
Елу жылдай басқа жан керекпеген.
Елу жылдай тay ішін тітіретті,
Қайып зары «Ғашыгым, Бөбек» деген.
Десектағы ғашығы жатқа кетті,
Сүйген жүрек парызын ақтап өтті.
Махаббаттың алдында бас иеміз,
Тыңдағанда әйгілі ән «Ақбөбекті»!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу