Өлеңдер ✍️

  14.07.2021
  136


Автор: Айтқали Нәріков‎

Аға ақын алдында

Сен - бәйтерек, інің бұл - балғын құрақ,
Бір жаңа әуен жақында алдым құрап.
Өнер деген бәйге ғой, ал бәйгенің,
Әрқашан да арты шаң, алды жырақ.
Сынай қарап жүрсің-ау шабысыма,
Кем қуанбай өзімнен табысыма.
Мен шаң қауып, қатардан қалып қойсам,
Кетесің-ау күйіп сен намысыңа!
Шыбын жанға күндіз-түн бермей тыным,
Терлейтұғын шақ келді, өрлейтұғын.
Жалын барда жүректе лапылдайын,
Қайта айналып жастық шақ келмейтұғын.
Елден бұрын жайым жоқ тұрмасыма,
(Табандылық жетпеді бір басыма).
Күндіз кеңсе, ал түнде отырамын,
Дәптеріме түсіріп жырды асыға.
Әр жаңа таң кеудеме құяды ағын,
Саусақтағы сүрткізбей сия дағын.
Жаңа жырға қоймасам соңғы нүкте,
Көрінуге көшеде ұяламын.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу