Өлеңдер ✍️

  14.07.2021
  232


Автор: Серік Сейітман

АРҒЫМАҚ

Арғымағым!
Тимей менің жастыққа жар құлағым,
Тұяғыңның дүюірін ести қалсам,
Қара түнді, көз ілмей, таңға ұрамын.

Шұбар айғыр!
Арналды өзіңе Құралай Жыр.
Құба жалың көзіме елестесе,
Ет жүрегім қалмайды жыламай бір.

Тұлпарым-ау!
Сағыныштың сазды әнін шырқадым-ау.
Қанатымнан айрылдым қапияда,
Маңдайымнаң соры да тым қалың-ау.

Қантым-ау!
Ішім-күйік болғанда, дала-қырау.
Көзіңдей ғып төріме іліп қойдым,
Тізгінінде жүгеннің нала ұр-ау.

Сағым Күлкі!
Жазғаным жоқ бұл жырды жаным күліп.
Сауырыңа бір қамшы бастырмадың,
Қамшы-саптай ғұмырдың мәнін біліп.

Қазынам-ау!
Жүрмейді бұл өмірге базына-дау.
Бауыздалар сәтіңде
Үйіріңе
«Қош бол» айтып дауысың азынады-ау?!

Тас қамалым!
Үйіріңді үйірді қас-қабағың.
Аман болсам,
Көктемде отау тігіп,
Отбасымды дәл сендей басқарамын!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу