Өлеңдер ✍️

  13.07.2021
  149


Автор: Айтқали Нәріков‎

Ауылда

Қатал боп тұр мына заман нарығы,
Қатты боп тұр нарығыңың қарымы.
Қанша жүрдім қараңғыда қарманып,
Қайда кеткен ауылымның жарығы?
Сұлбасы тұр көше-көше үйлердің,
(Мен бәріне еркін кіріп үйрендім).
Білінбейді еш тіршілік белгісі,
Жүрек сыздап, бір беймаза күйге ендім.
Әрбір үйі айналғандай қамалға,
Сенбейді ауыл қазір ешбір адамға.
Түн болғанда, төңірегін бекітіп,
Көшіп жатыр сан түрлі айла-амалға.
Жатушы едік қай төрде де көсіліп,
Дос-жаранмен сырласушы ек шешіліп.
Ауылымның дәстүріне қонақжай,
Мына заман алды әбден өшігіп.
Ауыл үстін қараңғылық басыпты,
Ай да «ұялып», бұлт тасалай қашыпты.
Аунап-қунап қайтайын деп келіп ем,
Қайран ауылым көңілімді жасытты.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу