Өлеңдер ✍️

  13.07.2021
  158


Ақмолла Мұхамедиярұлы‎

Екінші қымбат нәрсе-көңіл деген

....Екінші қымбат нәрсе-көңіл деген,
Көңілі бұзық адамнан түңіл деген.
Бұзыққа жер үстінен асты артық,
Болмаса көңіл таза кәміл деген.
Үшінші қымбат нәрсе - ақыл деген,
Ақылсызда тәупық жағы тақыр деген.
Аз жұмысқа ашуланып,дінін бұзар
Иманын күпірлікке сатып жеген.
Төртінші қымбат нәрсе-шүкір деген,
Нығматқа шүкіршілік күпір деген.
Жатқан жерден «Құдай,кешір» деген қорлық,
Себеп іздеп түзу жолмен жүгір деген.
Бесінші қымбат нәрсе-әдеп деген,
Әдеп деген махаббатқа себеп деген.
Күпірлік әдептіде тұрмағандай,
Әдепсізде иман тұру ғажап деген...
Өткен жоқ алдымызда қауіп-қатер,
Бұл халық біле тұра ғапыл жатар.
Ғапылеттен ояну жоқ,ұялу жоқ,
Керуендер өтіп жатыр қатар-қатар.
Ғибраттар көз алдында көріп жатыр,
Қолменен қанша адамды көміп жатыр.
Көп көрдік қабыр қазған жігіттерді,
Арасында әзіл,ойын толып жатыр.
Не пайда аһ ұрғанмен өлгеннен соң,
Іс өтіп,көр азабын көргеннен соң.
Алладан қорқу деген қайда қалды,
Зар жылар орындарда күлгеннен соң...
Адамы бұл заманның болды солай,
Бұл қылық,бұл мінезбен әркез оңбай-
Дін жағына артық көңіл қоя алмайды,
Дүнияға зеректігі Аплатондай!
Жақсылар Хақтан көңіл аудармаған,
Жаманға Құдай рахмет жаудырмаған.
Білімсіз өзі білмес,жөнге көнбес,
Мінезі тентек сиырдай саудырмаған.
Ең әуелі аршу керек іштің кірін,
Іште толып жатсын сасық ірің.
Аһ,дариға,іш тазарсын,іш тазарсын,
Болмаса пайда бермес құры білім...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу