Өлеңдер ✍️

  13.07.2021
  385


Автор: Сарыбаев Қаныбек

МЕНІҢ ӘКЕМ

Өрт жылдардың күйігімен қарылған,
Бұл жүрегім – тыныштықтың барабаны қағылған!

Жау бомбасы Одессаға тасталған
Ауылдағы менің мынау кеудеме кеп жарылған!

Нажағай боп атқыладым бұл төсін,
Сан фашистке жер қаптырдым десем ешкім үрікпесін.
Әкемнің оң көзіменен дәлдедім,
Әкемнің оқ қолыменен бастым мылтық шүріппесін.

Тиген оқтан денесіне әкемнің,
О, достарым, иланыңдар, мен де өлген екенмін.

Екеуміз де жеңіс күні тіріліп,
Қанына оның көйлегімді бояп көкке көтердім!

Оның даусы жер-жаһанда жаңғырған,
Болашақты аман алып шықты ол отты жаңбырдан.

Ерлігіне елжіреген табиғат
Мені әкеме жер бетінде ескерткіш қып қалдырған!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу