Өлеңдер ✍️

  12.07.2021
  151


Автор: Несіпбек Айтұлы

Аңқау аю

Атам таңнан тұратын,
Ерттеп мініп құла атын,
Мойнына асып мылтығын,
Жаздай алмай бір тыным,
Аңға қақпан құратын.
Борсық, қарсақ, түлкіні
Қынадай ғып қыратын...
Атам алпыс жастағы
Әңгімесін бастады:
– Бірде ұзап аулаққа,
Аңға шықтық тау жаққа.
Екі-үш аңшы келеміз
Аю атып алмаққа.
Асау өзен ағады,
Толқын теуіп жағаны.
Бүрген менен қараған
Үзеңгіні қағады.
Ашылып сәл қабағы,
Шыңдар бізге қарады.
Оқыс қашқан қояннан
Аттар үркіп қалады.
Сайлар жатыр тұп-тұйық,
Жартастар тұр түксиіп.
Қайың, шырша, қарағай
Қарсы алады тік тұрып.
Аңғал-саңғал тау іші,
Арпалысқан тағысы.
Шаңқылдаған қыранның
Естіледі дауысы.
Үшеуміз де мергенбіз,
Қиындыққа көнгенбіз.
Қарсы шапқан аңдардың
Әуселесін көргенбіз.
Қанжығамыз майланып,
Олжамызды байланып,
Бір төбеге тоқтадық,
Дем алуға жайланып.
Болған жайды баяндап,
Отыр едік жай аңдап.
Алдан аю көрінді
Келе жатқан аяңдап.
Қос қонжығы қасында,
Марғау аяқ басуға,
Алма ағашты бетке алған
Өскен таудың басында.
Салады олар асырды,
Таптап шалғын сасырды,
Қарақатты қағып жеп,
Алмаларға асылды.
Аю екен айлалы,
Сілкіледі алманы,
Сабағында қалдырмай,
Бәрін үзіп алғалы.
Біз отырмыз әлі аңдып,
Не болар деп ар жағы.
Жерге түскен алманы
Қонжықтары жалмады.
Таптап аяқтарымен,
Үстіне кеп аунады.
Алмалардың не түрлі
Берекесін кетірді.
Қонжықтарға енесі
Қатты ақырып, зекірді.
Болмаған соң оған да,
Тоқтатпаққа бекінді.
Оларға бос таптатпай,
Ұстап алып аттатпай,
Кеуделерін бастырды
Қара таспен қақпақтай.
Қонжықтары бақырды,
Аю қайта ақырды.
Жинай берді алмасын,
Тапқандай-ақ ақылды.
Беу, хайуан болғасын,
Қайдан хауіп ойласын?!
Әбден теріп біткесін,
Көтерді ол мау басын.
Барып тасты аударды,
Кенет шошып таңғалды.
Қонжықтары қимылсыз,
Сеспей қатып қалған-ды.
Ары тартты, тұрмады,
Бері тартты, тұрмады.
«Демі бар ма?» дегендей,
Құлағын сап тыңдады.
Өлгенін қос боздағы
Білгеннен соң боздады.
Қаралы аю қайғысы
Көңілімізді қозғады.
Күңіренді тау жаңғырып,
Даусы жартас, жарды ұрып,
Өксіп-өксіп жылады,
Байғұс аю зар қылып.
Таяуға да батпадық,
Аяп оны атпадық.
Удай ашып ішіміз,
Үйге қайттық аттанып.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу