Өлеңдер ✍️

  11.07.2021
  497


Автор: Ілияс Есенберлин

Намыс

Өлім не? Тыныштық ол тас қамалды,
Кәріден бұрын кейде жасты алады...
Тек қана қаһарманға қара жердің
Ұлы өмір мәңгі өлмес басталады.
Автор

Дүние, сұлусың сен, көркің асқан.
Алтын күн, мөлдіреген көкшіл аспан.
Ғашық боп өту саған мәңгі - бақи
Адамға емес пе бір көркем дастан!
Біреу мәз жүргеніне жерді басып,
Айқаста қалса да ылғи жез боп жасып.
Өмірге лайықты тек күрескерлер
Қауіптен, қиындықтан жүрмес қашып!'
Қайтарар жау азабын, қиянатын,
Қорған боп сол өмірге жан қиятын,
Жырладым бір ұлыңды, аяулы елім,
Ту еткен сен деп намыс, ар-ұятын!
***
Сұр Балтық төңкеріліп сел шумағы,
Үстіне түспеген күз күн шуағы,
Ұштасып кеткен сонау бұлтты аспанмен,
Жерде де, көкте де су — көз тұнады
Толқиды сұп-сұр теңіз, бір жатпаған.
Күн шығып, сірә мұнда, таң атпаған.
Бір мезет селт етпейді боп-боз көңіл
Дүние көз тәрізді шел қаптаған.
Тек толқын дөңбекшиді әлсін-әлсін,
Дегендей менен бітпес қайғы қалсын.
Кең әлем ұқсайды тар абақтыға
Тұтқын ой талпынғанмен қайда барсын!
***
Сым қоршау. Сұмырай күз. Сұрғылт шекпен.
Суық жел, тынбай соғып, ұрған беттен.
Көп тұтқын Либаваның11 лагерінде
Арманда қолға түскен сан себеппен.
Казарма мұздай іші, қалған қараң.
Сәкіге қоқырсытып салған сабан.
Бүк түсіп біреу жатыр, біреу отыр
Жаралы, қасіретті толған адам...
Көңілсіз дала ауру төсегіндей,
Жазылмас арман жүрек кеселіндей.
Қалғандай өмір тоқтап қара судай,
Дүние бүгін тағы кешегідей!..
***
Тұтқындар — аш-жалаңаш — әзер жүрген
Көзі емес, езу тартса, әжім күлген.
Байқайсың ішінде бір жас жігітті
Өзгеше құба жүзі өзге жүзден.
Үстінде ала кенеп арзан парқы,
(Тұтқынның жалпы бірдей сыртқы қалпы)
Басқадан айырмасы жалғыз ғана.
Арқаға жазылған сан «тоқсан алты».
Құрбаны болған сонау бір, сұмдықтың.
Көзінен жаралы жан күйін ұқтым.
Түсінем кірген қазір құшағына
Қайғы атты үрейлі сұм құбыжықтың...
***
Тағдыр дәл ұқсап ауыр қара тасқа,
Жүдеген көтере алмай ғарып жаста.
Жегідей жанын жеген бір азап бар,
Бөтеннен бұл бейбақтың халі басқа.
Жас жігіт балуан еді жұртқа әйгілі,
Жарыста алған жеңіп сан бәйгіні.
Осы өнер жаны сүйген бала күннен.
Жоқ жерден душар етті бұл қайғыны,
Еріккен соғыстан тыс, босқа тұрып,
(Карта, арақ, аз болғандай басқа былық.)
Немістер естіп жігіт атақ-даңқын
Көтермек болған көңіл сауық құрып...
***
Бетінен түксиіп түк, шыққан кәрі,
Мейрімсіз, қатал тіпті шектен әрі,
Либава лагерінің коменданты
Гестапо офицері секпіл сары —
Шақырып жас жігітті алған еді,
Көзінің сескентсе де жанған кегі.
«Рейхтің чемпионы Куртка қарсы
Күреске шығасың сен, қамдан»,— деді.
Тұтқын жан кімге барар айтып шағым,
Ал, фашист сындырмақ боп әбден сағын,
Сен жеңсең...— деп сескенте қалды тоқтап
Сөзінің аяқтамай арғы жағын...
***
Осы бір күтпеген жай арты қауіп,
Жүректі өртендіріп ауық-ауық,
Жас жігіт тыпыршиды алабұртып
Бір жерде тұра алмайды дәйек тауып. .
Күймесін жас көңілі қалай отқа,
Құр ғана қорғай ма өзін қалың топта,
Намысы Отанының бұл айқаста
Бәйгіге тігілгелі тұрған жоқ па?!
Сондықтан жанға қайғы батар мүлде,
Тұрғандай андып ажал қатар бірге,
Қарайды үрейлене жігіт сонау
Жыландай жылжи түскен қатер күнге...
***
Сұңғақ бой, көз тоярлық түр-келбеті,
Өзгеден маған ыстық сұрғылт беті.
Кім еді осынау жас, қобалжыған,
Қарының бөлек-бөлек бұлшық еті?
Айтуар, ұмытқам жоқ тек есімін,
Сақтаппын жүрегімде түр - кескінің.
Білмеймін, келді ме ол Ақ Жайықтан
Немесе жағасынан көк Есілдің?..
Көзімнің маған қымбат қарасындай,
Қайғысы — жүрегімнің жарасындай,
Білерім — ол баласы ер қазақтың,
Көңілі кең — жатқан алып даласындай.
***
Жан емес озбырлыққа қалған көніп,
Отыр ол сым қоршаулы жардан төніп.
Жоғалған жағаны ұрып сұр толқындай
Жүректе ұшқын ойлар жатыр сөніп...
Бітті ме жастық, шіркін, әуре, желік!
Жайы жоқ ең болмаса тәубе дерлік,
Қаншама ойламайын десе де өмір
Кетпейді көз алдынан сәулеленіп.
Жас жанға қауіп жайлап сыздай батты,
Болса да мынау өмір мұздай қатты.
Теңесе суық көрмен жатқан күтіп,
Көрінді оған кенет мүлдем тәтті!
***
Мінекей белгіленген күн де жетті.
Үшінші империя «құдіретті»
Лагерьдің алдына әкеп алаң жасап
Үстіне құзғын туын желбіретті.
Еріккен ылғи есер қаны бұзық,
Қалғанын жасып жұрттың көріп қызық
Айдап кеп сым қоршаудың ар жағынан
Тұрғызды тұтқындарды қатар тізіп.
Есірген, асқақтаған мүлде тіпті.
Себеп жоқ боларлықтай көңіл күпті,
Әдейі қорлағалы сұм қоршауға
Әкеліп Совет елі туын тікті...
***
Зор дене көрсетіп бір күшін асқан,
Әне Курт алаңда тұр қозғалмастан.
Қалыпты Айтуар да үнсіз қатып
Бейне бір мүсін - сынды құйған тастан.
Ортада пенснелі тұр судья
«Бастаймыз қазір — дейді ол сұрқия,—
Айқаспақ екі елдің чемпионы:
Курт — Рейх! Қара қазақ — бұл Россия..
Ысқырып белгі берді жекпе-жекке.
Тынды жұрт тұрған қаптап төңіректе,
Таяды енді Айтуар Куртке қарай
Тұншығып асау арман көкіректе...
***
Көп тұтқын телміреді көзін сүзіп,
Мәз-мейрам неміс біткен көрмек қызық.
Палуандар бірін-бірі байқай жұлқып,
Кешікпей күрес бірден кетті қызып.
Алғанша жау әдісін тез ұғынып,
Жұмсалып ережесіз қос жұдырық,
Бере алмай төтеп Курттың екпініне
Айтуар түрегелді бір жығылып...
Кідіріс... естілді әне тағы ысқырық.
Тағы айқас... Төнеді Курт жан ұшырып,
Айтуар шыр айналып ұршықтай нақ
Жуытпай жалтарады тез ышқынып.
***
Қазаққа өзімен тең, бірдей түскен,
Курт кенет соқыр ашу, дүлей күшпен,
Ұмтылып, жерге ұрғалы үйіреді
Бір мезет құшақтай ап дереу іштен.
Жас жаны Айтуардың қандай сірі!
Қан-сөл жоқ, сұп-сұр болып қашқан түрі.
Әзер жүр шыдай алмай бұл азапқа,
Жарар - ақ, түбі, сірә, қалса тірі.
Айтуар қимылдайды жанталасып.
Бұлтарып төніп жеткен жаудан қашып.
Бірақ Курт қояр емес қысып - жұлқып,
Секілді жеңері оған айдай ашық.
***
Сөйтсе де жеңе алмады... тайм бітті.
Табысы Айтуардың — уақыт ұтты.
Отырды орындыққа үнсіз барып
Шаршаған, қалжыраған әбден тіпті.
Осылай өтсе мезгіл қалған тағы,
Жау жеңіп сынбас еді халық сағы.
Әттең - ай! Өз адамы оза алмаған
Шамдана қалған екен Рейх жағы!..
Аңғарып жатқан терең қауіп түбін,
Іштегі ашу сыртқа теуіп түгін,
Комендант Айтуардың қасына кеп:
— Өлесің Куртты жеңсең,— деді,— бүгін!
***
Ерлікке бармайды адам өлемін деп,
Қанымды атақ үшін төгемін деп.
Бел буар аз да болса сенгендіктен,
Алдағы жарық күнді көрермін деп.
Ойға алмай ажал барын аңдып тұрған,
Билейді шіркін жүрек алас ұрған.
Шын ерлік: өлетінін біле тұра
Ел үшін өзіңді ету ашык құрбан!
Оңай ма кию өмір, жарық күнді
Қиналды, лаулап жүрек жанып, тынды...
Сүйсе де қанша ыстық бұл жалғанды
Намысын жібермесін анық білді!
***
Тағы алыс... Неміс өктем, жатыр мығым,
«Мен жеңем!» деген онда жалғыз ұғым!
Дүлей күш кеткен әбден ашу кернеп
Жұмсаған кейде тағы жұдырығын.
Ұрса да Курт орынсыз үсті - үстіне
Судья кіріспейді, жоқ ісі де...
Осынау қиянатқа әзер шыдап
Айтуар қайсарланған, жүр тістене.
Бір кезде... Ережені неміс бұзып,
Есуас, алған әбден еті қызып,
Еңкейген Айтуарды тепті келіп,
Құлады жігіт барып жерді сүзіп.
***
Бес... Алты... Аздап жігіт кірді есі,
(Бетінен сүйіп суық күздің кеші).
Құлаққа жетті неміс күлкілері,
Мәз болған қайтқандайын кеткен өші.
«Расымен мені құдай атқаны ма,
Жер болып жаудан осылай жатқаным ба?
Қайдасың, жан жеңбеген Қажымұқан,
Алмаған мұндайларды қапталыңа!
Өлейін, ел намысы жығылмасын,
Сындырған Корень балуан қабырғасын,
Жебей көр, ұлы атам Балуан Шолақ,
Көтерген алпыс бір пұт гірдің тасын!»
Қазақ қой намысты іске жастан жақын,
(Күреске қосқан жігіт, жарысқа — атын)
«Бес кез» бен «түйе балуан» бабалары,
Жіберсін қалай оңай жауға қақын!—
Сонда ол жайлап тағы ашты көзін,
Кек тұтып мазақтаған қастың сөзін,
Орнынан көтерілді онға жетпей,
Қажырлы билеп шіркін жастық сезім!
Іштей дем, қуат берген жұрт жабыла,
Айтуар күреспек боп тұр тағы да.
Алайын дегендей күш достарынан,
Қарады бұрылып бір арт жағына.
Қарады... Кетті ойнап жүрек кенет,
Сақтаған сонау фашист неміске кек.
Көрді ол мың сан көзден жаудыраған,
Өзінен күткен жалғыз жеңісті тек!
Үстінде сұм қоршаудың тұрған жайнап,
Аударды көзін енді туға жайлап,
«Жеңіліп қала ма?!»—деп қорыққан жандай,
Қызыл ту дірілдейді желмен ойнап.
Қызыл ту желбірей ме кекте тегін,
Өр сезім алды билеп көкірегін.
Көрді ол сол жалауда тұрған биік
Намысын Отанының көрді кегін!
***
Өм бойын сонда ыза, ашу қысты.
Өлім мен өмір енді шалыс түсті.
Өзі өлмек Куртты жеңсе...
Жеңе алмаса...— О да өлім.—
Отан деген намыс күшті!
Уа, Отан, қандай еді қуат, күшің!
Егер де болса сенен туғаны шын
Қай ұлың намысыңнан аяп қалар
Өмірін, әлде бөтен қуанышын!
Өлсе - өлсін!... Кім өлмейді алысқанда!—
Айтуар ұқсап енді арыстанға,
Алаңға қайта шықты оттай жайнап
Жүрегін билеп жалғыз намыс қана!
***
Тағы айқас. Алаң үсті қанды майдан.
Жанталас енді әбден қанат жайған.
Сескене неміс жағы қалған тынып,
Дегендей күшті мынау алды қайдан?
Барады Курттың енді әлі құрып,
Кетеді жығылса егер әзер тұрып.
Бір кезде... Айтуар кегі көтеріп ап,
Жерге оны бар күшімен қалды ұрып!
«Жаурыны жерге тиді!»— айқындалды,
Екі жақ, Курт жеңілді, байқап қалды.
Білген соң қорғалғанын ел намысы
Уралап тұтқын біткен айқай салды!
***
Айқайла! Шаттан енді, тұтқын - мүскін,
Көріңдер құлағанын қара құстың!
Бір сәт тек мезгіл өзі не тұрады
Алдында жау жеңілген қуаныштың!
Бақыт көп, арман етіп күйген жаның:
Махаббат, атақ, еңбек, сүйген жарың...
Дүниеде бақыт бар ма бұдан артық,
Айқаста шықсаң қорғап Отан арын!
Қорғады жігіт арды... Жас пен кәрі —
Қуанды, айтады алғыс достың бәрі.
Қорланып жүріп өзің жауды жеңсең,
Мінекей жеңіс деген!
Кекшіл жау, сенген дүлей құр күшіне,
Әділет дегендікке жоқ ісі де,
Өлтіріп Айтуарды сол күн түні
Апарып асып қойды жол үстіне.
Осылай өлді жігіт, өлді кісі,
Тек қана қалды мәңгі көңілде ісі.
Орнады қабіріне жасыл тоғай
Тіріде арман болған көлеңкесі!
Міне, енді дастан бітті алыс күнгі,
Еске сап бір кездегі таныс мұңды.
Уа; Отан, көкте туың желбірейді,
Көрсетіп тұрған биік намысыңды!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу