Өлеңдер ✍️

  11.07.2021
  201


Автор: Ақан Сері

Сырымбет

Аулым қонған Сырымбет саласына,
Болдым ғашық ақ сұңқар баласына.
Бидайыққа лайық қарағым-ай,
Бөктергіге қор болып барасың ба?

Қарындас-ау,
Енді, есен бол-ау.

Аулым қонған Сырымбет жел жағына,
Артық туған бала едің ел бағына.
Бидайыққа лайық дейтін, сәулем,
Бөктергінің іліндің тырнағына.

Қарындас-ау,
Енді, есен бол-ау.

Алтын қайық жарасар күймесімен,
Наздана алмас сұлу қыз сүймесімен.
Қоскөл жаққа таныса киіп барған,
Бешпентіңді беріп кет түймесімен.

Қарындас-ау,
Енді, есен бол-ау.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу