Өлеңдер ✍️

  10.07.2021
  118


Автор: Айтуар Өтегенов

Тобанияз

1. Тобанияздың ұрпаққа үнi

“Балықшының байлығы
Етек-жеңi кепкенше,
Егiншiнiң байлығы
Ендiгi жыл жеткенше”.
Мал мен жердi тел емудi өзiм бастап кеткенмiн,
Аусарыда әлi де iзi жатыр кетпеннiң.
Құмыққан ба шөп басып, жаптарымның арнасы,
Аты ғана қалыпты – “Тобанияз жармасы”.
“Хас сұлуды қаралысында сынама,
Хас батырды жаралысында сынама”.
Сынама бiздi жас ұрпақ, сынама бiздi, сынама,
Зұлмат дәуiрдiң шын сырын алмай да қалдық, ұға да.
Енеңдi ұрайын тағдырдың
Жазмышы солай болған соң,
Үзiлдi қатпай бұғана.
Әлихан сынды, Ахмет сынды асыл ойлар да өр тiптi,
Қарақұрттың шырмауына оралды да мертiктi.
Мертiктi бәрi, (кетпе оған бiрақ мұңайып),
Оңғалбаев, Мыңбаев, Көбеев және Жұбаев.
Бәрi де оның алдаспан едi, нарқасқа едi кешегi,
Тағдырдың iсi – “адам ойлайды, алла шешедi”.
Борады сосын бiз жайлы
Қатыннан бетер үкiметшiлер өсегi.
“Арқаға ауыр жүк батса, нар да қашар жауырдан,
Жайылымды жерге бақпаса, Аруана қашар сауыннан”.
Революционер едiк өр кеуде жаңа заман орнатпақ,
Опат болдық бәрiмiз сол революция – Дауылдан.
Қойсайшы бақты, шiркiн-ай, бүкiл Алшын кеп,
Бас идi маған “Қарадан шыққан хансың”, – деп.
“Iсiң әдiл, бағытың түзу, баста алға”, –
Деген соң халқым, мектептер аштым жастарға.
Округ үлкен қамтыған дұрыс жан-жақты,
Қорғайтын елдi әскер де құрдым салт атты.
“Хас сұлуды қаралысында сынама,
Хас батырды жаралысында сынама”.
Зұлмат дәуiрдiң шын сырын алмай да қалдық ұға да,
Бiрақ та, бiрақ батқанымыз жоқ күнәға.
Енеңдi ұрайын тағдырдың
Жазмышы солай болған соң,
Үзiлдi қатпай бұғана.
Сынама бiздi, жас ұрпақ,
Сынама бiздi,
Сынама!!!

2. Генерал Толстовтың өкiнiш өксiгi

“ОГПУ-НКВД органдары атаман Толстовтың 1920 жылы қашқанда Маңғыстауда қалдырып кеткен алтынын iздеудi 1958 жылдардың орта кезiне дейiн жалғастырумен келдi... Екi арба толы қазына – iздеп тапқан алақанның қышуы қанатындай-ақ несiбе ғой”. (газеттен)

Сертiм мынау:
Жiгерiмдi құм еткен жасымаған,
(Болмас, сiрә, өтетiн қасым одан).
Тағдыр жазып, Ресейге барар болсам,
Алдымен Әлниязовтың басын алам.
Адымымды алшаңдап асқақ бастым,
Асқақтығын көңiлдiң тоқтатпаспын.
Армиямды тоз-тоз қып Әлниязов,
Сасқаннан алтынымды тастап қаштым.
Дәуiрдiң құбылмалы сазын аңғар,
Ей, ұрпағым, өсиет, базынам бар:
Кетiктегi мүйiстен... бәлен аршын...
Жерге менiң көмiлген қазынам бар...
Аласұрам, кеземiн ой әлемiн,
Баласынан кiм ненi аяр едi...
Тағдыр жазып Ресейге барар болсам,
Әлгi Адайдың
Басын шауып, музейге қояр едiм!
Ех, шiркiн, сонда ғана армансыз боп,
Кегiм қайтып қанға бiр тояр едiм!
(Атаманның бұл өксiк арманын кейiн оның коммунист қандасы Голощекин орындап бердi).

3. Жала мен жаза

“...Әзiр бiзде Адай округiнде онсыз атком ештеңе iстей алмайтын Адайдың князi Әлниязов барда, әзiр иелiктерiнде сан мыңдаған малы бар, қалың бұқараны тұншықтырып, округтiң iс жүзiндегi қожайыны болып табылатындар өмiр сүрiп отырғанда, жарлы-жақыбайды көтеру мен оны езгiден азат ету туралы сөз болуы да мүмкiн емес...”
(Голощекин. ҮI Бүкiлқазақтық партия Конференциясы. Қызылорда, 1927ж.).

Халқыма төрт түлiгiн баға бiлген,
Шiмiрiкпей кiнәнi таға берген.
Қаны қатқан қанқұйлы Голощекин,
Тобекеңе осылай “баға” берген.
Бұ дүниелiк жан үшiн,
О дүниелiк иман үшiн,
Қазекемнiң сан тұяқ жиғаны шын.
“Мал алғаның қазақтан жан алғаның”, –
Дейтұғын Тобекеңнiң қиналысын,
Кiм ұғады, япыр-ау, кiм ұғады.
Лайланды ғұрпымның тұнық әнi,
Бiр сөз үшiн үш әрiп иелерi,
“Сен жаусың” деп атуға құнығады.
Тәңiр куә жарлы үшiн ақтығына,
Сарп етпек күшiн оның шаттығына.
Деп жүргенде “елiме ес жиғызам”,
Голощекин осылай тақты “кiнә”.
“Болашақтан мол бақыт күтiп өтем,
Мектеп ашам,
Әскер құрам,
Егiндi бiтiк етем”, –
Деп жүргенде хатшының жала сөзi,
Тобекеңе кесiлген үкiм екен...

“Қазақ ССР-iнiң ПП ОГПУ-1 жанындағы үлкен “үштiк” “Әлниязовтың контрреволюциялық ұйымының” 21 мүшесiн ең жоғары жаза – атуға кестi және 15 адамды он жылдық мерзiмге... концлагерьге айдады. (архив материалдарынан)

Үкiм екен... кесiлдi ату жаза,
Боздақтарды Маңғыстау көп тұтты аза.
Ең соңында бұрқ еттi көтерiлiс боп,
Дәуiр желi үрлеген сөнбей қоза.
Үстiрттiң ернеуiндей құламалы,
Төзiм тозды, iзделдi бiр амалы.
Мылтық алды жарлы да, жақыбай да,
Жала,
Жала,
Жалаға шыдамады.

Осылайша, “Әлниязовтың iсiнiң” соңының Адай көтерiлiсiне қалай ұласқанын Кеңес өкiметiнiң өзi де бiлмей қалған-ды...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу