Өлеңдер ✍️

  10.07.2021
  430


Автор: Айтуар Өтегенов

Боз далам

Боз iнген дауыс – боз далам,
Ботасын iздеп боздаған.
Баз бiреу көңiлiн толқытып,
Баз бiреу шерiн қозғаған.
Боз жусан иiс – боз далам,
Бозторғай әуен маздаған.
Боз селеу биiк гүл атып,
Боз саулық егiз қоздаған.
Бойжеткен қылық – боз далам,
Айтатын ерке наз маған.
Байлығын шүлен таратып,
Бар кенiн әлi қазбаған.
Боз қоян жымды – боз далам,
Таптаса табан тозбаған.
Бөрiден қорғар үйiрiн,
Боз айғыр сынды азынаған.
Бұлдырық түстi – боз далам,
Бүркiтке жем бола жаздаған.
Қайғың мол мынау ғаламда,
Шаттығың да бар аздаған.
Бозбала мiнез – боз далам,
Сырың көп ешкiм жазбаған.
Азап-мұңыңа таң қалып,
Азаттығыңа мәз болам,
О, боз далам, боз далам!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу