Өлеңдер ✍️

  10.07.2021
  168


Автор: Айтуар Өтегенов

Есте жоқ ескі заманда

Бұл Түбек пе,
Бұл Түбек,
Есте жоқ ескi заманда гүлденген-дi дүркiреп,
Аспанынан тек қана Нұр жауатын сiркiреп.
Барыстары арс еткен орманы ну жайқалар,
Көздей тұнық көлдерi дауылға әзер шайқалар.
Тым өр едi өңiрдi мекендеген тайпалар.
Адырнаны тартатын құлаштап кеп шiренiп,
Арындап кеп жортатын Көк теңiзге тiрелiп.
Күлсе – жаздай жадырап,
Ашуланса... түнерiп.
Сән-салтанат сарайлы алтын қақпа қалалар,
Қалалардан жан-жаққа бұрым жолдар таралар.
Шын-Машыннан сап түзеп керуендер оралар.
Көк теңiздiң айдыны құс базарын жиятын,
Жейхун дария аптығып балдай суын құятын,
Бәрi-бәрi Түбектiң құшағына сиятын.
360 әулие жұртты ауызына қаратқан,
Дәрiс алу үшiн ел ағылды әрбiр тараптан.
Салды сөйтiп оң көзiн бұл өлкеге Жаратқан!

Әлқисса, Ұлы Жаратушының ықыласына бөленген Түбек осылай мыңдаған аңы, мыңғырған малы бар Мың қыстау елi атанған-ды. Дүниеде басталуы бар нәрсенiң аяқталуы да болады ғой. Тым астамдық танытып Көкте жалғыз Жаратушы бар екенiн естен шығарған өлкенi Тәңiр ие шөмiштен қыса қойып едi, дүние жалған ақ сағымға айналып жүре бердi...

Бұл фәниде ашылмайтын бар ма сыр,
Жасырса да қатпарына сан ғасыр.
Тәңiрiнiң төккен ашу, кәрiнен,
Жейхундария бұрып кеттi арнасын.
Ну ормандар қуарып, көмiр-борға айналды,
Айна көлдер суалып, ойдым сорға айналды.
Үккен Үстiрт кемерiн Көк теңiз де тартылды,
Дуға бөлеп жататын жағадағы әр күндi.
Шөлдi аймақта тек қана кепкен адам аңқасы,
Қала бердi құлазып, қалалардың қаңқасы.
Естiлмедi мақамды Машайықтар үнi де,
Солды сөйтiп бұл жерде Даналықтар Гүлi де.
Қолай қоныс өзiне Ну iздеген жайқалар,
Батыс жақтан Шығысқа жөңкiлдi ендi тайпалар.
Қойсаңызшы мына ендi өмiр атты – Ұршықты,
Асып-асып, жер асып Алтай таудан бiр шықты.
«Алда, – дедi сонда да, – Бiздер әлi тойлар Күн».
Мойындамай көрiңiз қайсарлығын Дайлардың .

Осылай құлазып қалған Маңғыстаудың ойындағы аң-құсқа ұзақ жыл бойы Шер атты арыстан патшалық еттi. Сонымен бiрге Жалған есiмдi қыран бүркiт өмiр сүрдi. Ол жыл сайын бiр жұмыртқа басып, балапан шыққан соң жем iздеп алысқа кететiн. Қыран жем iздеп жүрген кезде ағайынды жетi Қарақұс аңдып жүрiп оның балапанын өлтiрiп, етiн өздерi жейтiн де, ажалын Шерге жабатын. Көптiң аты көп. Жалғыз қыран қайғыдан көз жасын көл қылып жүрiп-жүрiп келер жылы жұмыртқасын қайта басатын.

Бiр жылы ақ үлпе үрпек бас балапанына жем iздеп тағы аттанды. Бұл жолы нар тәуекелге бел буған. Мерзiмiнен ерте келiп, балапанына араша түсiп, Шермен жекпе-жек алысу едi... Көз жасы жаңбырша жауған Жалған бауыр етi балапанына жеткенше асығып келе жатты. Ақтау мен Қаратаудың сұлбалары көрiндi. Әлденеге елеңдеулi жортып бара жатқан Шерге көзi түстi. “Балапаныма бара жатыр”, – деп ойлағын ол Шердiң төбесiнен қара бұлттай төнуге қанатын қомдап ыңғайлана берген-дi.
Кенет Ақтау мен Қаратаудың дәл ортасындағы қыратқа салған өз ұясын жанары шалып қалды. О, Сұмдық! Жетi қарақұс бауыр етi балапанын жұлғылап жабылып жеп жатыр. Жалғанның қаны қайнады. Сұмдығына найза бойламас қарақұстар бар пәленi Шерге жауып, қастандық жасап жүргендерiн ендi түсiндi. Жалғанның қызыл көзi өшпендiлiктен отша жанды. Сонау биiктен ұяда қызылға үймелеген ағайынды жетi қарақұсқа оқша сорғалады. Екпiнiнен дауыл тұрып, ысылдаған дауыс бүкiл Маңғыстау түбегiн жаңғырықтырды. Сол күйiнде жетi қарақұстың үстiне болат тырнақтарын бүруге ыңғайлап, қос қанатын жайып, бәрiн астына ала құлады...

Ақтау мен Қаратау үш күн бойы ақ тұманға оранып, ешнәрсенi көрсетпей тұрды. Жортып келе жатқан Шер төбесiнен ескен суылдан шошып кетiп жалт қараса, сорғалап ағып бара жатқан Жалған қыран екен. Таңданыстан кiлт тұрып қалған. Иә, Шер де сол таңдана қараған күйiнде, Жалған да жетi қарақұсты астына ала құлаған күйiнде тасқа айналып жүре бердi...

Шер дүниенiң жалғандығын ұқтырып тұрған Жалған төбеге түсiне алмай әлi таңдана қарайды. Ал Шердiң табанының астында бiр кезде өркөкiрек тайпалар құрғақшылықтан үркiп үдере көшiп иесiз қалдырған алтын қақпалы, қымбат қазыналы Қаланың қалдығы
жатыр. Сондықтан да Шер мен Қала бiрiгiп, Шерқала атанып кеткен.

Құпия сыр шертедi бұл жердегi әр атау,
Алып пирамидалар – Ақтау менен Қаратау.
Ал Сфинкс – Шерқала көз iлмейдi күзеттен,
Кездердi де елемей табанынан сыз өткен.
Не керемет ғажапты басып жатыр тас табан,
Үңгiр-қақпа тұр онда жер астына бастаған.
Не бiледi отбасы шуылдақтар шулаған,
Оны қазар археолог әлi-әлi тумаған.
Ашпасын деп оны ешкiм сиқырлаған дүлеймен,
Қазына бар астында тыққан патша Сүлеймен.

Әлқисса, Сүлеймен демекшi, он сегiз мың ғаламды өзiне бағындырып, адамзат түгiл жан-жануар мен өсiмдiктер атаулының тiлiн бiлген Сүлеймен патшаның әкесi Дәуiт пайғамбар бiрде намаз оқып тұрып, оң жағына бұрылса, он бес ұлы, сол жағына бұрылса, он бес ұлы әкесiмен бiрге сәждеге басын қойып жатыр екен. Сонда Дәуiттiң көңiлiне «отыз ұлым отыз рулы ел екен-ау» деген күпiрлiк ой ұялай қалғанын сезе қойған Жаратушы әлгi пайғамбардың отыз ұлын ертесiне бiр күнде алып, Дәуiттi қайғы жұтқызып, жалғыз қалдырыпты.

Уақыт өте райынан қайтқан Жаратушы сүйiктi құлы Дәуiтке аян берiп: – Уа, Дәуiт, сабаңа түсiпсiң, айт қалауыңды, отыз ұлыңды сол күйiнде қайырып берейiн бе, әлде отыз ұлға татыр бiр ұл берейiн бе, – деген екен. Сонда Дәуiт: – Жаратушы ием, құлыңыздың
астамшылығын кешiре гөр, ажалы жеткен отыз ұлды қайта сұрап не қылайын, сол отызына татитын бiреуiн берсеңiз ризамын, – деп сақалын көз жасына бұлайды. Сол отыз ұлдың өтеуiне берiлген Сүлеймен патшаның оқиғасын құдiретi күштi Алла Тағала Маңғыстау өлкесi үшiн тағы бiр қайталаған-ды.

Шер мен Жалған тасқа айналған соң бұл өңiрге қоныс теппек болған жетi ел-жұрт дүркiреп көшiп келiп, байыз, береке таба алмай, кейiн қайтадан дүркiрей көшiп кеткен. Алла бұрынғы Дай тайпасының соңғы ұрпақтарын өз ата жұртына қайта қайыруға, 360 әулиенiң орнына елдi дiн жолына уағыздап, бiрлiкке, берекеге, әдiлдiкке ұйытып тiрiсiнде Пiр атанатын Бiр Әулие тудыруға, қирап қалған қақпасы алтын ежелгi ондаған қалалардың орнына бiр жақұт Қала салдыруға, арнасын бұрған Жейхун өзенiнiң өтеуiне жер астындағы мұнай дариясының көзiн ашуға, солардың бәрiн Жадтан Хатқа түсiретiн бiр ақын дүниеге келтiруге әмiр еттi.

Қызыл-жасыл құлпырған Дүниенiң барлығы,
Келешекке ұмтылған бiр Алланың Жарлығы.
Мейiрiм нұр шуағы көктен жерге сiркiрер,
Алтай таудан Батысқа жөңкiлдi ендi Түркiлер.
Қалың орман iшiнде кiм қызықпас қайыңға,
Қалың түркi iшiнде бар едi сол Дайың да.
Қиыр-қиыр, қиырға жетеледi жол алдан,
Шыңғысханның ең мықты сарбаздары боп алған.
Парақтасаң тарихты шығар Шыннан iз келiп,
Араласқан және қан Ханзадаға қыз берiп.
Қырқысып та, жұлқысып (дәстүр осы талайдан),
Ұлы Таққа отырды мұрагер боп Адай хан.
О, заман-ай, заман-ай, туыс таққа таласқан,
Көйлек сынды ауысып төндi оған да қара аспан.
Алды-артына қарамай бұзып жарып сең құмды,
Қайдасың деп ата жұрт ендi Адайлар жөңкiлдi.
Жайсаң көлге құятын емiп суын телегей,
Қала бердi артында асау өзен Жеменей.
Маңғыстау тұр алдында қайырлаған кемедей,
Қорамсаққа салынған әр шыңдары жебедей.
Қиындықтың көкесiн көрдi олар не түрлi,
Ер Құдайке Шуға кеп суға көшiн кетiрдi.
Өмiр-өлiм белдесiп небiр күйлер ойналды,
Сауран атты қаланы бiрнеше рет айналды.
– Алда, – дедi сонда да, – алда бақыт, алда Ырыс,
Ырыс үшiн бәрi де төктi қанды, салды ұрыс.
Тұлпарының тұяғы дүрлiктiрiп Даланы,
Жомарт мырза Бас ханның сыбағасын қалады.
Қалаған соң, әрине, қалайда оны алады.
Арылмайтын туыстық аға-iнi, жеңге боп,
Ат суарды, о, олар кең арналы Жемге кеп.
Ел келген соң не қызыққа толды жер,
Жеменейдей жайлы қоныс болды Жем.
Артта Алтай, артта Сауран , Шу қалды,
...360 әулиеге татитұғын Бiр Әулие осы Жемде туған-ды.
(Бұл жерде де қала болған таңдандырған сән-тұлға,
Сауытыңды, шашбауыңды соққан күмiс-алтыннан).
Ұлғайтқанды ұлы арнасын сол күнi,
Жарға соғып Ару Жемнiң толқыны.
Төктi сәуле аямастан жерге күн,
Нұрға жуып жас сәбидiң жөргегiн.
Сызылдырып естiмеген бiр әндi,
Жетi Аққу шомылды да, сыланды.
—Бекет болсын, – дедi, – бала есiмi,
Бiр қария ашып қалып Құранды...

Маңғыстауға мейiрiмi қайта түскен Алланың әмiрi толық орындалды. Бекет-Ата Жем өзенi бойында дүниеге келе тұра назарын Маңғыстауға салып, елiн бұрынғы ата-қонысына тұрақтандыруға жұмыстанды. Жем бойында, Бейнеуде, Оғыландыда жер астынан
қашап, айтулы мешiт-медреселер салды, оған бұрынғы әулие-әмбиелердiң киесiн, қадiр-қасиетiн қайта дарытты. Дiн iлiмiнiң ең жоғары сатысын меңгерiп, бiр елдiң Пiрi атанып, Ұранына айналды. Ежелгi қалалардың төлеуi – әсем Ақтау бұл күнде әлемнiң қай-қай шаһарларымен де сұлулық таластыра алады. Ал Жейхундарияның орнына ағызылған мұнай өзенi – Қазақ Елiнiң қазынасына құйылар мол байлыққа айналып отыр.

Иә, Маңғыстау қайта түлегелi тұр. Тек Тәңiр Ие түсiн суытып, назарын өзге жаққа бұрып әкетпесiн деңiз. Ал, ақын... Жадтан хатқа түсiретiн бiр ақын... мүмкiн арамызда елеусiздеу жүрген болар, мүмкiн дүниеге ендi келер...




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу