10.07.2021
  313


ТӘУЕЛСІЗДІК ТАРИХЫНДАҒЫ 30 ЖЫЛ


Келесі жылы еліміздің тәуелсіз тарихының отызыншы жылына қадам басқалы отырмыз. Осынау отыз жылда біздің халқымыз, бүгінде бүкіл әлемге әйгілі болып отырған көк байрақты Қазақстанымыз әлемдік алпауыттармен терезесін теңестіріп, жаһан жұртына қарышты қадамдарымен танылып үлгерді. Осы аз уақыт ішінде еліміз көптеген жетістікке қол жеткізді. Ендеше, ең елеулі деген 30 оқиғаға оқырман назарын аударып көрейік.



1. 1991 жылы Қазақстан егеменді ел болды. Еліміздің Тәуелсіздігін ең алғаш болып мұхиттың арғы жағында жатқан Америка Құрама Штаттары, екінші Қытай, содан соң Ұлыбритания мойындады. Оның артынан Моңғолия, Франция, Жапония, Оңтүстік Корея және Иран Ислам мемлекеті мойындады.



2. 1991 жылдың 2 қазанында қазақтың тұңғыш ғарышкері, Халық Қаһарманы Тоқтар Әубәкіров ғарышқа сапар шекті.



«Мен Кеңес одағының ең соңғы 72-ші ғарышкерімін. Мен жерге қондым, менен кейін 16 мемлекеттің ең соңында қалған Қазақстан да өз Тәуелсіздігін алды. Әрине, бұл – тарихи сәт және бір-бірімен өте сәйкес келген сәт. Бұған дейін қалған 14 мемлекет өз жайларына кетіп, құрамда Ресей мен Қазақстан ғана қалған болатын. Мен ұшпасам да Қазақстан өз тәуелсіздігін алатын еді. Себебі мен ұшуға дайындалып жатқан кездің өзінде Қазақстан Тәуелсіздіктің алғышарттарын дайындап қойған. Мен 2 қазан күні ұшсам, Қазақ елі 29 тамызда Конституцияны қабылдап, Жоғарғы кеңестің шешімі шығып қойған болатын», - дейді Кеңес одағының екі реткі батыры Тоқтар Әубәкіров.



Тоқтар Оңғарбайұлының айтқанына алып-қосарымыз жоқ. Тура солай болды. Елбасының өзі айтқандай, Тәуелсіз Қазақстанның тарихы қазақ баласының тұңғыш ғарышқа ұшуымен тікелей байланысты.



3. 1992 жылдың 2 наурызында Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымының мүшесі атанды.



Азаттық алған алаш жұрты алты құрлыққа аты мәшһүр болмаса да, сыртқы саясатта көпвекторлы бағыт ұстанатынын алғашқы күннен бастап танытты. Сол арқылы алыс-жақын шетелдермен саяси-ынтымақтастықта, тату көршілік бауырластықта араласатынын аңғартты. Бұл қадамда Қазақ елінің БҰҰ-ға мүшелігі айрықша маңызды еді.



4. Осы жылы мемлекеттік рәміздер — Әнұран, Елтаңба және Туды жасауға конкурс жарияланды. 1992 жылдың 4 маусымында Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаев «Қазақстан Республикасының мемлекеттік туы», «Қазақстан Республикасының мемлекеттік елтаңбасы», «Қазақстан Республикасының мемлекеттік әнұраны туралы» заңға қол қойды.



5. Шекара толық бекітілді – 1992 жылдан 2001 жылға дейін жалғасты. Көршілермен қанша тату болсақ та, шекара мәселесі өте шетін жағдай. Содан да болар, 1992 жылы басталған шекараны бекіту процесі 10 жылға созылды. Ең соңғы Қазақстан-Өзбекстан шекарасын бекіту 2001 жылы толықтай аяқталды. Осының арқасында қазіргі күні мемлекетіміздің территориясы барлық көрші елдер тарапынан толығымен танылып, халықаралық құқық негізінде заңдастырылды.



6. 1993 жылдың 28 қаңтарында Қазақстан Республикасының тұңғыш Ата заңы қабылданды. Осы жылы 15 қарашада ұлттық валютамыз - теңге айналымға енді.



7. 1994 жылдың 16 ақпанында Елбасы Н. Назарбаев Ядролық қаруды таратпау туралы шартқа қол қойды. Сөйтіп Қазақстан өз еркімен қуатты қарудан бас тартып, ядролық қаруы жоқ ел ретінде осынау зұлматпен күрестің алғашқы баспалдағын қалады.



8. 1995 жылы 30 тамызда жалпыхалықтық референдум негізінде Қазақстан Республикасының Ата Заңы қабылданып, 5 қыркүйек күні өз күшіне енді. Конституция 9 тараудан, 98 баптан тұрады.



9. 1997 жылы 20 қазанда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның жаңа астанасы Ақмола қаласы болғанын ресми түрде жариялады. Осылайша елордасы шырайлы жетісуда орналасқан Алматы қаласынан сары дала сарыарқа төріндегі нұрлы шаһар Нұр-Сұлтанға ауысты.



10. 1998 жылы елордамыз Ақмолаға Астана аты берілді. Сондай-ақ осы жылы елімізде зейнетақы реформасы басталды. Мемлекет зейнетке шығу жасын әйелдер үшін 58 және ерлер үшін 63 жасқа дейін ұзартты. 2019 жылғы 23 наурызда мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Қазақстан Республикасының астанасы - Астана қаласын Қазақстан Республикасының астанасы - Нұр-Сұлтан қаласы деп қайта атау туралы жарлыққа қол қойды.



11. 2000 жылдың 10 қазанында Нұр-Сұлтанда халықаралық экономикалық ұйым ретінде кеден одағына қатысушы мемлекеттердің басшылары қол қойған Еуразиялық экономикалық қоғамдастық құрылды. Аталған қоғамдастықты құру туралы келісімге Қазақстан, Ресей, Беларусь, Тәжікстан және Қырғызстан мемлекеттері қол қойды. Кейін Еуразиялық экономикалық одақ құрылып, қоғамдастық алынып тасталды.



12. 2001 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан халқы Тәуелсіздіктің 10 жылдығын атап өтті. Осы жылы көптеген ауқымды шара ұйымдастырылып, Рим папасы Иоанн Павел II Астанаға келді.



13. 2002 жылы Тараз қаласының 2000 жылдық мерейтой ЮНЕСКО көлемінде аталып өтті. Сонымен қатар осы жылы киелі Түркістанда Дүниежүзі қазақтарының екінші құрылтайы өтті.



14. 2003 жылы Нұр-Сұлтанда Әлемдік және дәстүрлі діндер жетекшілерінің бірінші құрылтайы өтті. Тарих жүзінде бұған дейін дәстүрлі үш бағыттағы дін басшыларының бір жерде бас қоспағанын ескерсек, бұл Қазақстанның басты жетістіктерінің бірі саналары анық.



15. 2004 жылы 24 желтоқсанда «Ақорда» резиденциясыны ашылды. Ғимараттың жалпы ауданы 36 720 шаршы метр. Сонымен қатар осы жылы Нұр-Сұлтанда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің Музейі ашылды. Онда 100 мыңнан астам экспонат бар.



16. 2005 жылдың желтоқсанында Конституция шеңберінде Президенттік сайлау өтіп, ел өзінің басшысын таңдады. Сайлауда Нұрсұлтан Назарбаев қатысушылардың 91 пайыз дауысын алып, ел сеніміне ие болды.



17. 2006 жылдың қаңтарында мемлекетіміздің жаңа Әнұраны қабылданды. Әнұран негізіне Ж. Нәжімеденовтің сөзіне жазылған композитор Ш. Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» әні алынды. Қолданыстағы Әнұран мәтініне Тұңғыш Президент Н. Назарбаевтың енгізген өзгерістерін Парламент қабылдады. Әнұранның заңды авторларының бірі - Н.Ә.Назарбаев;



18. 2007 жылы Қазақстан халқы үшін аса маңызды «Мәдени мұра» бағдарламасының екінші кезеңі жүзеге асырыла бастады. Мемлекеттік бюджеттен аталған бағдарламаны жүйелендіруге, сақтап және дамытуға 4 миллиард теңге бөлінді. Алғашқы кезеңге 2,7 миллиард теңге, соңғысына 5 миллиардтан аса бөлінді.



19. 2008 жылы заңнамаға енгізілген өзгерістер мен толықтырулардың негізінде жаңа мейрам - 6 шілде - Елорда күні тарихқа енді. Сонымен қатар елордадағы «Қазақ елі» монументі ашылды.



20. 2009 жылы Қазақстанда жалпыұлттық халық санағы өтті. Ел тәуелсіздік алғалы бері екінші рет өткізіліп отырған ұлттық халық санағы Қазақстан тұрғындарының саны 16 миллион 4 800 адам болғандығын көрсетті.



21. 2010 жылы Қазақстан Еуропаның қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық ете бастады. Осы жылдың желтоқсан айында Қазақстанда саммит өткізілді.



22. 2011 жылы Қазақстанда алғаш рет қысқы Азия ойындары өтті. Қазақстанның намысын қорғаған спортшылар 70 медаль иеленді. Олардың 32-сі — алтын, 21-і — күміс және 18-і — қола.



23. 2012 жылдың 22 қарашасында Қазақстан 2017 жылы елде әлемдік көрме өткізу құқығына ие болды. Халықаралық көрме бюросы мүшелерінің қатысуымен Нұр-Сұлтан 103 дауыс жинады.



24. 2013 жыл Тұңғыш Президент жариялаған «2050 Стратегиясы - қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдау бойынша жұмыстардың қолға алынуымен



ерекшеленді. Сонымен қатар осы жылы Қазақстан тарихында тұңғыш рет жергілікті билік органдары басшыларының сайлауы өтті.



25. 2014 жылдың тамыз айында үкіметте қайта құру жұмыстары өтті: 17 министрлік пен 9 агенттіктің орнына елде 12 министрлік және шамамен 30 комитет құрылды. Қаржы полициясының қызметі мемлекеттік қызмет және жемқорлыққа қарсы күрес істері жөніндегі агенттікке берілді. Бұдан өзге энергетика, мәдениет және спорт, инвестициялар және даму, ұлттық экономика министрліктері құрылды.



26. 2015 жылдың 27 шілдесінде Қазақстан Республикасы Дүниежүзілік сауда ұйымының мүшесі атанды.



27. 2016 жылдың 16 желтоқсанында Қазақстанның өз алдына егеменді ел болып жарияланғанына 25 жыл толды. Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналған декларация жазылды.



28. 2017 жылы Қазақстанда EXPO-2017 көрмесі ұйымдастырылды. Аталған көрме 10 маусым мен 10 қыркүйек аралығында Нұр-Сұлтанда өтті. Оны тамашалауға әлемнің түкпір-түкпірінен 3 миллион адам келді. Ал көрмені өткізуге 115 мемлекет пен 22 халықаралық ұйым қатысты.



29. 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік кеңесіне төрағалық етті. Сондай-ақ Нұр-Сұлтанның 20 жылдық мерейтойы тойланды.



30. 2019 жыл Қазақстан үшін тосын оқиғаларға толы болды. Ең елеулісі бейбіт түрде биліктің ауысуы. 19 наурызда Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өкілеттігін тоқтатты. 9 маусымда кезектен тыс сайлау өтіп, 70 пайыздан астам дауыс жинаған Қасым-Жомарт Тоқаев ел Президенті болып сайланды.

Саран газетi




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу