Өлеңдер ✍️

  09.07.2021
  163


Автор: Айтуар Өтегенов

Барыс мінез халықпыз

(немесе достыққа адал, сенімге нық, ыстық ықылас)

«2030 жылға қарай Қазақстан Орталық Азия Барысына айналады және өзге дамушы елдер үшін үлгі болады деп сенемін...
Жануарлар әлемінде Жолбарыс туыстас болғанымен Барыстың өзіндік ерекшеліктері де бар.
Бұл – өзіне тән тектілігімен, бұлалығымен, алғырлығымен, жасқануды білмейтін тәкаппарлығымен, батылдығымен, айлалығымен дараланатын Барыс болмақ...»
Н. Назарбаев
***
Сөз беріңіз маған да бір, мархабат,
Бабам сертін жүрген жан ол арқалап.
Демократия демі есіп, Жиырма жыл,
Біздің елде құрғанына салтанат!

«Қазақстан – 2030». Осы екі ауыз сөзден тұратын сыртында азуы алты қарыс қанатты Барыс суреті бейнеленген кітаптың әр азаматтың назарын, ықылас ниетін еріксіз езіне аударатын қадір-қасиеті неде?

Әрине, қапелімде жауап беруге ойландырып тастайтын, тосындау сұрақ. Иә, шынында қадір-қасиеті неде екен? Жауабың асығыстау, үстіртіндеу болмау үшін әлгі кітапты алып тағы бір көңіл сүзгісінен өткізіп, зерделеп шығуыңа тура келеді. Бұндайда байыптылық қажет. Өйткені авторы анау-мынау емес жер көлемі жөнінен әлемге атышулы мемлекеттеріңнің біразын шаң қаптыратын ұлан-байтақ Қазақ Елі Президенті.

— Кітаптың қадір-қасиеті, – дейсің сосын өз ақылыңмен түйген ойыңды пайымдап – XXI ғасырдағы гүлденген, күн сәулетті Қазақ елінің жарқын келбетін ашуында, оған жету жолындағы ұзақ мерзімді стратегиялық мақсаттарды жүзеге асырудың нақты міндеттерін саралауында. Өз Отанын шексіз сүйетін әр азаматтың мойнына батпан жүк – жауапкершілік жүгін артуында. Сол жауапкершілік жүгінің буылған әрбір теңінің ішіндегі асыл бұйым, жасау-жиһаздардың нендей мақсатқа пайдаланылатына дейін көрсетіп беруінде.

Міне, өтпелі кезең санап жүрген, өлара мезгілде қазақ халқының бойындағы осы бір барыс мінезді асыл қасиетті біздің Президентіміз Нұр-Аға елінің әрбір азаматының бойына қайтадан дарытуды армандап отыр. Әрбір іске кіріспес бұрын сен өзіңнің кім екеніңді, не үшін еңбек ететініңді ұғын. Олай болса, Бағдарлама ақынды шабытқа бөледі, жырлар қағазға төгілді...

Болашақ бағдарламасы немесе қазақ елінің мұраты

Адамдыққа, асылға,
Толған барлық айналам.
Жиырма бірінші ғасырға –
Қазақ елі жайнаған.
Бағдарлама – қайраққа,
Жігерімді жанығам.
Барлық құрлық, аймақтар,
Қазақ елін таныған.
Қара қазан қайнаған,
Ешкім жықпас намысын.
Арыстан мен Айдаһар,
Шығарады төріне
Орта Азия Барысын.
Өмір керек тіріге,
Бағдарлама – кенен жыр.
Айналамыз біріне,
Мұнайы мол он елдің.
Болашақты барламай,
Ақыл-ойын арнамай.
Кеп патшалар,
Гүл атқан
Мемлекетін құлатқан,
Аман-есен біздің Ел.
Өтті алғашқы сынақтан.
Кетті күндер елесі,
Небір тоңған, жылаған.
Қазақстан кемесі,
(Штурвалда Нұр-Ағаң)
Бет түзеді сеніммен,
Бақыт, шаттық портына.
Мейірім боп төгілген,
Тастап нұр іс артына.
Оның әрбір ісінде,
Кемелденген Болашақ.
Ал жүзінде, жүзіңде,
Имандылық,
Парасат.
Бәрі осының, осының,
Шыққан нәрсе намыстан.
Тыңдап сөзін досының,
Айдаһар мен Арыстан.
Қажет болса осы күн,
Қаймығады Барыстан...

1. Алыптармен алыпша сөйлесу
Бір көршіміз – Арыстан,
Бір көршіміз – Айдаһар.
Оңбайды екен алысқан,
Паналар жер қайда бар?
Батыл, алғыр болмасаң,
Бірі дайын ұтуға.
Жалын атып жанбасаң,
Бірі дайын жұтуға.
Мекен етсең сақтана,
Екі алыптың арасын.
Барыс болып тек қана,
Көзің жанып шоқтана,
Аман-есен қаласың.

2. Желбірейді көк туым
Міне, міне, бізге де,
Нұр шапағын төкті күн.
Бақ пен Бақыт іздеген,
Тұқымы едік тектінің.
Рас, бардан құр қалдық,
Болса да биік шоқтығым.
Күйін кештік құрбандық,
Талай еркек тоқтының.
«Басқа шығам», – дегенге,
Төрден орын жоқ бүгін.
Желбіреп тұр төбемде,
Аспан түстес көк Туым.

4. Ұрынбаймыз өзгеге
Талай сөніп күл болып,
Талай қайта жаныппыз.
Өскен Жусан, Гүл болып,
Дала сынды алыппыз.
Ырылдайтын кезде де,
Сабыр сақтап қалыппыз.
Ұрынбайтын өзгеге,
Барыс мінез халықпыз.
Қараулыққа бармайтын,
Шегінбестен бір адым.
Жанын салып қорғайтын,
Өз ұрпағын, тұрағын.

3. Мұнай мен газ байлығым
Қазыналы байлықты,
Берген бізге құдайым.
Қосты елге бай, мықты,
Газым менен мұнайым.
Мынау жарқын жүзімнің,
Шығарады шырайын.
Жанса букет – қызыл гүл,
Газым менен мұнайым.
Жанға қуат себетін,
Аспандағы Күн-Айым.
Бақ боп елге келетін,
Газым менен мұнайым.
Алмас ешкім қыспаққа,
Тыныш болсын лайым.
Шығарады ұшпаққа,
Газым менен мұнайым.
1997 жыл.

Каспийдің түбі – алтын түп

О, Каспий!
Қай дәуір ед сенің соғып жататының Күйкенге2
Қай дәуір ед сенің толып келмейтінің икемге.
Қай дәуір ед Қаратауың, Ақтауларың арал боп,
Талғамастан жұтатының бар нәрсені сүйкенген.
Үстіртімді өрнектеген толқыныңмен өпірем,
Ақ бауырын ұрып тасқа аласұрған бекірең.
Су пері қыз суын мініп Дай3 жігітін аңсайтын,
Қай дәуір ед,
Қай дәуір ед
Айтшы, Каспий, өтінем...
Ұмытылды содан бері
Көп құпияң,
Көп әнің,
Үгітілді толқын сүйген жақпар тасы жағаның,
Үмітімді маздатуда енді менің о, Каспий,
Су пері емес,
Суын емес
Мұнай басқан табаның.
Бар жақұтты басып жатыр сенің жалпақ табаның,
Ұлың болып өр кеудеме арман отын жағамын.
Ықылымнан бері жиған қазынаңды қи маған,
Өр төсіңде еркін жүзер
Келді-ау деймін заманым...
***
Бір ғажабы, ғажабы,
Өзінде Әлем назары.
Саясат саған ойысты,
Бұл сенің бәлкім – Базарың.
Бұл сенің бәлкім – Ажалың.
Ортаймас Қара қазаным,
О, Каспий.
***
– О, Каспий!
Қайсысың көл мен теңіздің?
–?
Үндемейсің... мінезің-ай кең, ізгі.
Картада жатсың (сезем мен),
Терісіндей боп өгіздің...
Жіліктелу ғой ежелден,
Қасиеті де семіздің,
Қасіреті де семіздің.
***
Су алады (дұрыс бұл)
Өзіңе кеп әр күн бұлт.
Суарады қыр үстін,
Найзағайын жарқыл ғып.
Қуанады халқың – жұрт
Деп:
«Бізде екен Алтын Түп»,
О, Каспий!
***
Десем де:
«Кеткен талай өзгелерге есем де»
Әкем де сенсің, шешем де.
Тойы бар бақыт көшем де.
Айналмай ұрыс-кеселге,
Ырыс-құт болшы бес Елге.
О, Каспий!
***
О, Каспий!
«Қазақстанкаспийшельф» —
Ұғым бұл,
Бар қабатын қопаратын түбіңнің.
Мұнай – Дәулет,
Мұнай – Сәулет,
Мұнай – жыр,
Міне, ұраны бүгіннің.
Бір жеткізсе
Жеткізетін Алысқа,
Айналдырып мұнай селін ағысқа.
«Қазмұнайгаз» деген мықты
Және сен,
Қазақ елін теңдестір
Барысқа!
***
О, Каспий!
Жайқалтар нуыңды,
Ысып күн,
Ащы суыңды –
Тұщыттым.
Жасау көркің бұл –
Базары құстың.
Асау толқынның,
Наз әнін құштым.
Гүлін ашады,
Кемпірқосағың.
Нұрын шашады,
Бетім тосамын.
Шақырып қыз – айдын,
Шаңқ етіп шағалаң,
Танкерлер ұзайды...
Жағадан.
Теңізге күн батқан,
Қызыл нұр арайлы...
Төніп қабақтан,
Ақтау қарайды.
***
Уа, Каспий,
Тәріздісің сен қиял,
Қиял сырды –
Жайық құяр,
Еділ құяр,
Жем құяр.
Ағызумен аңыз жырдың
Сосын саған
Мен құям.
Сеземін ғой,
Сеземін ғой,
Сеземін,
Өтті бастан небір дәурен кезеңі.
Мен құйып ем асып-тастың арнаңнан,
Өлең-жырдың өзенін.
Ұмыт қалған қан жүреді тамырдан,
Толқын шайып жуылады қабырғам.
Тіріледі
Музейлерде экспонат боп тұрған,
Жезтырнақтар,
Таутайлақтар...
Динозаврлар.
Әлгілерді аулайтұғын
Есек мерген шығады,
Заманалар қайталанар, әйнек бір күн сынады.
Не айтып кеттім, кешір, досым, бәрі әзіл ғой,
бәрі әзіл,
Бұл әзілді еріктері кімдер қалай ұғады...

09.07.2002 жыл.
***
Бүгін сәби,
Ал ертеңгі тастұғын,
Міне, осындай құдіреті бар Каспийдің.
Ұлы мақсат жолындағы жандардың,
Ерлігіне,
Өрлігіне,
Басты идім.

1997 жыл.
***
Теңіздің астында «теңіз» бар,
Айтайын ең зәрін – ең ызғар:
Қауіпті ол судағы тірлікке,
Осыны барлаушы
Негізге ал!
Алға асқан салтанат-мұрамен,
Каспий де патшалық, бір Әлем.
Жалғасқан Аралға,
Азовқа...
Десеңіз ол қалай?
Түсіндіріп бере алман мына мен.
Асыққан құюға өзені,
Суының бар қабат, кезеңі.
Онда өмір тыныстап жатқанын,
Әйтеуір түйсігім сезеді.
Иә, солай сезген соң айтам да,
Инвесторлар байқаңдар,
Байқаңдар!

2003 жыл.
***
Өтті ғой небір жаман күн,
Бүгінге жеттім.
Аманмын.
Не болар екен болашақ,
Су патшалығына қол салған,
Ұнамайды сұры заманның.
О, Каспий!
Бетіңді айғыз тіліктеп,
Жібермекпіз жіліктеп.
Итбалығыңның зарлы үнін,
Бұрын соң естіп біліп пе ек?!
Тәрізді алқа, сән тасы,
«Қара маржаның» ән басы.
Қалқып жүр бүгін бетіңде,
Бекіре балық қаңқасы.
Өзгеше әлем су асты,
Итбалық момын,
Жуас-ты.
Жуасқа үйір қиянат,
Қиянаттар Каспийге,
Жатыр қазір ұялап.
Құрлық пен теңіз тел еді,
Теңізсіз дүние өледі.
Теңізге ажал құштырар,
Байлықтың қанша керегі?
***
Су патшалығы бар еді-ау,
Ну патшалығы бар еді-ау.
Жер-Ана – планетамыздың,
Түрлі-түсті сәні еді-ау.
Су патшалығын да жоқ қылмақ,
Ну патшалығын да жоқ қылмақ,
Саналы тірлік саналар –
Адамзат неткен ақымақ?!
Табылар ма шын адам,
Итбалықтың жылаған,
Ұғынар мұңын көздегі.
Ақырзаманды тудырса,
Адамзаттың өздері,
Қалайша бұған көнейін,
Ақымақ демей не дейін?!
Ауызда – Дағдарыс,
Дауасы – қамданыс.
Үстінде қазірде,
Әр кеуде қозғалыс.
Ол итің бұл күнде,
Деп жүрсек қалды алыс.
Жүр екен жанымда,
Бойдағы қанымда.
Оны ел «жұт» – дейтін,
Айтудан бүкпейтін.
Аждаһа дегізіп түп кейпін.
Аждаһаң жеп қояр,
Күні жоқ түк тояр.
Және жұрт жұтыңды,
«Жеті ағайын» – деп қояр.
Айта алмай мұны әлі,
Іштен тек тынады.
Меніңше бұл іске,
Жаһандану кінәлі.
Дағдарыс, дағдарыс,
Боп шықты қолдағы іс.
Кінәлі айтылса,
Болады шамданыс.
Демократияңыз да – өзгеге,
Ерікті бас ұру,
Кемшілікті жасыру,
Жұтылуға асығу...
Осыған таңым бар,
Бәрі де, бәрі де,
Арбаған сағымдар...
...Ал енді Дағдарыс,
Дағдарыс,
Ол бізден қалды алыс.

19.02.2009 жыл.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу