Өлеңдер ✍️

  09.07.2021
  142


Автор: Айтуар Өтегенов

Омардың екінші әні

«Құм басып талай қайтатын ізді,
Бабамның кешкен күндері көп.
Ал бүгінде айтады бізді,
Жиырмасыншы ғасырдың көшпенділері, — дей,
Рас бабам, тынымсыз көшкен.
Ат жалы, атан қомында өскен.
Омырауын кеулеп алдынан дала,
Аңызағы ескен.
Самалы ескен...
Арманы жанған, үміті өшкен,
Бабамның қиын күндері мың сан.
Басынан кешкен,
Сонда да бірақ арымаған,
Далада не бар? Бәрі ұнаған,
Табиғат төккен кәрін оған,
Алып шыққан жанын аман.
Малын аман.
Қасына достық пейілін берген,
Жау екен деп танымаған,
Сөйтіп бабам көше берген.
Айрылып талай еселерден.
Сол есені қайтарамыз,
Деген сөзді нық сеніммен,
Айт десеңіз айта аламыз».
Бүгін міне бір түнетті журналистік жол қилы.
Жұмысшылар әулетімен,
Көңіл тасып, толқиды.
Бәрін-бәрін саралаумен мына әсем көріністің.
Мен былай деп ой түйдім:
Кенеп бешпеттілер,
Темір телпектілер,
Маңдай терін желпіген жол кептірер,
Қашауы терең бойлаған сайын,
Жасауын ерен ойлаған сайын.
Жүздерін шаттық кернеп күлер,
Арманы боп бала кезден,
Қазына ашу,
Дала кезген,
Осыларды мен нағыз ер деп білем.
Толқынды жаны тыншымайды,
Мұнара онсыз сыңсымайды.
Арманы лаулап кетпегесін,
От денесін,
Бір күдік пен бір үміт шымшылайды.
Қиял-елес оларды қанша алдады,
Бірақ — қайсар шыдамын тауыса алмады,
— Фонтан, — деген ұлы шу дабырына,
Тойлау үшін,
Жер — Ана тамырына,
Керек әсте инені дәл салмағы.
Барлаушылар өткізіп базынасын,
Кілтін табар кең дала қазынасы.
...Кенеп бешпеттілер,
Темір телпектілер уколынан,
Жасарасың, туған жер жазыласың...

Осы ой-сезім жетегімен көз шырымын алғаным жоқ. Ұйқының ауылы алысқа кеткен. Жанымдағы кереуетте жатқан бас геолог та осындай сезім арпалысын бастан кешіріп жатса керек, маған қарай аунап түсті де:

— Бүгінгі түн ұйықтауға болмайды. Алаңсыз ұйқы құшағына берілетіндер қуаныш пен бақыттың бәсінің не екенін ұғынбайтындар. Жүр, кербез даланың керімсал ауасын жұтасың, — деді. Мен үнсіз келістім.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу