Өлеңдер ✍️

  09.07.2021
  159


Автор: Айтуар Өтегенов

Шопан монологы

Тақымымда ақ боз атым,
Ауызымда — өлеңім.
Жастан кеткем шоқ басатын,
Қой өргізіп келемін.
Берілмейді атыма мән,
Менсінбейді оқыған.
Мен — малдымын оқымаған,
Бірақ бәрін тоқыған.
Менсінбеген менсінбесін,
Түгел менің ұпайым.
Қиындықтар келсін, келсін,
Көркем өмір құқайын.
Қорықпадым кәрінен де,
...Тәңірімді ұрғам ба?!
Мен сыйлымын бәрінен де,
Қолымда ырыс тұрғанда.
Жан беремін, жан аламын,
Мақсат үшін түнімен,
Мына жердің саналамын,
Асыраушысының бірінен.
Мен даламнан бөлектеніп,
Ұзамаспын алысқа,
Ұшатындар кезек келіп,
Ұша берсін ғарышқа.
Сөндірмесе, сөндірмесе,
Болды дүние жарығын.
Сағынышпен мөлдір кесе,
Олар да,
Жерге қайта оралады бәрібір!
Жерге қайта оралады бәрібір!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу