Өлеңдер ✍️

  09.07.2021
  155


Автор: Айтуар Өтегенов

Шерқала

— Шерқала — қалалардың арыстаны,
Болды ма көне ғасыр, сол тұстағы? —
Жауапсыз ол сұрақты көміп кеткен,
Тарихтың, табиғаттың тартыстары.

Ғафу ҚАЙЫРБЕКОВ,

Ұйып үлгермей
Уыз қалпында төгіліп қалған.
Содан сыр бермей,
Сан ғасыр топырағына көміліп қалған,
Шерқала — Троям менің,
Менің Троям.
Баба қала аш көзіңді, тұр, оян,
Басып қалсаң сайрап жүре беретін,
Қаратауың, Ақтауың тәрізді ғой рояль,
(Күй тіліңді қалай бассам екен-ау,
Құпияңды қалай ашсам екен-ау).
Шырт ұйқыда ұйып жатқан мекен-ау!
Кетпен ап қолға ақтарғым бар ғой, ақтарғым,
Ұшығы шығып іздеген талай жоқтардың.
Мәдени ғұрпын суырып алам тереңнен,
Каспиліктер, Дайлар, Алан-Сақтардың.
О, Шерқала!
Шерің әлі күзетіп тұр сол кездегі әр ізді,
Египеттің Сфинксі тәрізді.
Қалаң қайда, қалаң қайда, ал қалаң?
(Мұп-мұздай тер шым-шым шықты арқадан).
Сұрау салдым Ақмыш атты бұлақтан,
Бұлақтағы сусылдаған құрақтан.
Таудан, тастан, Күннен, бұлттан тау асқан,
Керуен сарай бағанындай баяғы,
Анау кәрі ағаштан,
Сауалыма, сауалыма жоқ бірақ,
Ешқайсы да жақ ашқан,
— Сыр тартайын, - деп ем, - әсем Гүл, сізден?
Үндемеді...
О, табиғат сонша мылқау, тілсіз бе ең?
Кенет, кенет...
Мазалаған өн бойымды күн ұзын,
Құлағыңа келді менің бір ызың:
«Табиғатта мылқаулық жоқ,
Болар оны түсінбейтін кереңдік.
Биіктік пен Тереңдік,
Ездік пенен Өрендік.
Сұлулық пен Зұлымдық
Ал сұлулық — самала.
Әйелге де, далаға да, қалаға,
Қасірет боп жабысқан,
(Обал-обал, обал, ә?)
Ел мен елдер сол үшін,
Атысқан да шабысқан,
Бағы жанып бірінің,
Біреуінің бағы ұшқан...»
Деп тұрғандай бір ызың,
Бір ызың бар құлағымда күн ұзын,
Алдым қолға құмыраның сынығын:
— О, бастауым, о, мөлдірім, тұнығым.
Қыпша бел қыз суға барса сені алып,
Ынтық жігіт қарына ілген құрығын,
Бұлақ басы оңашада.
Дейді қыз:
«Әкем сезсе құрыдым, ғой құрыдым».
Жігіт айтар деп білетін Ер өзін:
«Сенің үшін біздің үйде төр әзір.
Ақ отауға келін қылып түсірем,
Керуен сап келгеннен соң Хорезм», —
Қашан сірә болар екен сыр аян,
Арыстаным, аш көзіңді, тұр, оян.
Зерделі бір, төкпей шашпай қазатын,
Қазатын да хас тарихын жазатын,
Археологын күтіп жатқан Троям!

Шер – Түрікмен тілінде арыстан деген сөз.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу