Өлеңдер ✍️

  09.07.2021
  432


Автор: Айтуар Өтегенов

Алланың сүйген құлы боп...

«Біле білсең шапағаты барларың,
Сүйген құлы боларың һақ алланың».

(Құран. 3-сүре, 141 аят.)

Бекет — Бала
Медреседе шәкірт еді үлгілі.
(Болған жоқ-ты Бекет – Ата қазағының қасиеті, дүлділі)
Сабақтан соң... бос кезде
Шәкірттерін жинады ұстаз бір күні.
Салқын түскен мезгіл күзгі маусым-ды.
Есіктерін талай үйлер қаусырды.
Деді ұстаз: ...отын теріп келіңдер,
Медреседе ертеңгі отын таусылды».
Торғайлардай дүр ете ұшқан топтала,
Тоғайлыққа кетті еніп топ бала.
Қарсы алдында қарағай ма, қайың ба,
Жұлды, шапты жоқ ешқайсы тоқтаған.
Сирен қалды әлгі тоғай қап-қалың,
Тонаттырып көк бұтағын-мақпалын.
Мақтанышпен ұстазының алдына,
Төгіп жатты шәкірттер
Шапқаны мен тапқанын.
Отырғанда бәрі ұяға кеп қонып,
Мақтаныштың сөзі ауызға кептеліп.
Бәрі келген, бәрі келген тек қана,
Шыққаны ғой Бекет — Бала жоқ болып.
Қайда?
Қайда?
— Бекет — Бала қайда жүр?
— Мүмкін білмей адасумен сайда жүр.
— Далалық қой отын мәнін түсінбей,
Тезек іздеп жайылымдағы қойда жүр.
Айтып жатты әртүрлі сөз әр талап,
Әрқайсында алысқа ұшпақ бар қанат.
Осы кезде
Қу томар мен қу томаштап тұратын,
Келді Бекет бір арқа отын арқалап...

— Балам неге кешіктің? — деп сұрады Ұстаз. — Сенімен бірге кеткен өзге шәкірттер отындық ағаштарын мана әкелді...

— Ұлағатты Ұстазым! — деді Бекет бала қолын жүрегінің тұсына қойып иіліп тұрып. Ұлағатты ұстазым, шөпшек пен томаш теруден үлгеріп келгенім осы...

Бекеттің сөзіне шәкірттер ду күлді.

— Тоғайдағы қарағай, қайың, тал-теректі көрмегені ғой...

— Жә, балаларым сабыр етіңдер, мен Бекетпен әңгіме дүкен құрып отырмын, — деп шәкірттерінің шуылын тыныштандырған Ұстаз сауалдасып отырған балаға қайта бұрылды.

— Иә, мына құрбыларың айтқандай тоғайлықтағы самсап өскен ағаштардың бұтақтары жетпеді ме?

— О, Ұлағатты Ұстазым! — деді Бекет. — Ол ағаштарды отауды білдім, бірақ қолым бара бергенде көк жапырақ жайған әлгі бұтақтардың жанарларынан жас парлап:

— Біздің өмірімізді көктей солдырмаңыз, аяңыз мейірімді адамзат.— деп тұрды. Тірлік иелерін өз қолыммен өлтіруге қимай, бойында жаны жоқ қуарған томашаларды ғана отындыққа терем деп кешігіп қалдым.

Ұстаз ләм-мим деместен Бекет баланың жауабына көңілі толған сезіммен орнына отыруға ишара жасады.

Бүгін міне,
Сезе білген Бекет бала далалық,
Жоғалды да мейірімділік, даналық.
Теңіз кеуіп, орман біткен оталып,
Айуандықпен жатыр бәрі тоналып.
Көркім қайда бұзылмаған қаймағы?
Тонап біткен қайдағы мен жайдағы.
Тонап біткен қазіргі елім атауы —
«Экологиялық апат аймағы».
Запыранды төкпей сірә тоқтаман,
Көп күнәдан қалай адам ақталар?
Қасиетті қайран Бекет — Атам-ай,
Жапырақты жұлуға қолы батпаған.
Адамзатқа алда апат, қауіп тұр,
Шомылмасак, Алла Нұры жауып бір,
Тілейтінім сенен Ұлы Әулием
Ұрпағыңның жанын жаман кеселден
Сауықтыр!!!
Хақ алдында жалбарыншы Ардағым,
Мынау еді есіл-дертім, Арманым:
«Өмір сүру жұмыр жердің үстінде,
Бізде сүйген құлы болып Алланың».




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу