Өлеңдер ✍️

  08.07.2021
  169


Автор: Айтуар Өтегенов

Суын айғыр барсың ба?

Каспий теңiзiнде су жылқысы – суын өмiр сүредi. Ол бiр ғасырда бiр рет жағаға шығады. Осы сәтте... биеге кiсiнесе... одан теңдесi жоқ тұлпар туады.
(Ел аузындағы аңыздан).

Каспий жатыр толқын ұрып айлағын,
Қиялдандым, бiр ғажап ой ойладым.
Ойладым да, айлы түнде жағаға,
Жiбек жалды боз биенi байладым.
Байладым да, аулақ барып жаттым мен,
Кiмге қонып, ұшпаған-ды бақ кiмнен...
Күмбiр-күмбiр кiсiнердей әлгi айғыр,
Пайда болып ақ толқын мен ақ түннен.
“Қашыр болып азып кеткен жылқымды,
Асылдатсам – деген ой ап ырқымды.
Келiп едiм.
Суын Айғыр, қайдасың?”
Деп жүрегiм айқайлады, бұлқынды.
Бiр ғасырда судан шығар бiр рет,
Жалынамын, о, құдiрет, құдiрет!
Әкем айтқан “биыл жылың шығар дәл”.
Әкеп тұрмын сұлу байтал – сурет.
Iңкәр керек су астында саған да,
Тұлпар керек құс тiстейтiн маған да.
Тұлпарлықты ұғындырсам, – деп едiм,
Тұлпары жоқ заманға.
Келiп едiм сұлулыққа сусап бiр,
Жерiк едiм жұпарына гүл шақтың...
Таң бiлiндi
(Бермей суын құланды),
Ал боз бие жусап тұр.
Өтiрiк пе айтқан аңыз... шықпады-ау!
Шықпағаны (қиын мұны құптамау).
Машиналар заманында тұлпардың,
Қадiрсiзiн Суын Айғыр ұққан-ау!..




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу