08.07.2021
  417


Автор: Айтуар Өтегенов

Ұрпақ берер есіміңіз — Ата-қазақ

Қос палаталы Парламентіміздің Елбасы биік атағын заңдастыруға құлшынысын қуана құптағандардың бірі едім. Демек, бұл атау халқымыздың ертеден көкейінде жүргендігінің айғағы еді. Ал осы халқыңыздың шын көңілінен шыққан ықыласы мен құрметін қабылдаудан бас тартқаныңыз, құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы, Сіздің қарапайымдылығыңыздың жарқын көрінісі болса керек. Ауыл қазағының отбасында тәрбиеленіп, салт-дәстүрді берік ұстап өскен ұл ғана осылай істей алады. Бірақ біздің ұғымымызда Сіз бәрібір Ұлт көшбасшысы болып қалыптасып үлгерген болатынсыз. Енді халқымыздың ыстық ықыласына сай, Конституциялық заңды газеттерден оқып, қуана құптап отырмын.


Қазақ елінің қазіргі бастан кешіп жатқан өмірі аса күрделі оқиғаларға толы. Тәуелсіздікке ие болған кездің алғашқы жылдарының ішінде-ақ таңқаларлық табыстарға қол жеткізіп әлемдегі ең жоғары дамыған өркениетті елдердің назарын өзіне аудара білсе, бұл әрине, Нұрсұлтан Әбішұлы, Сіздің көреген саясатыңыздың жемісі. Қазақстанның көп этносты халқының зор сеніміне ие болып дәйекті реформатор, болашақты болжағыш биік беделді саясаткер екеніңізді көрсете білдіңіз.


Мен сонау 1991 жылғы Президент сайлауынан кейін, құрметті Нұр-Аға, Сіз ант қабылдаған Жоғарғы Кеңестің салтанатты сессиясына Маңғыстау халқының өкілінің бірі ретінде қатысқанымды мақтан етемін. Ол менің өмірімдегі ең ұмытылмайтын тарихи сәттердің бірегейі болып есептеледі.


Тәуелсіз Қазақ Елінің Тұңғыш Президентін таққа отырғызу рәсімі маған сарқылмайтын шабыт берді. Елді нығайтуға қарлығаштың қанатымен су сепкендей болса да жырыммен өз үлесімді қосуым керек деп түсіндім. Сондықтан да «Қазақстан – 2030» стратегиялық бағдарламасын халыққа кеңінен түсіндіретін жалынды публицистикалар мен көркемдігі жоғары «Барыс мінез халықпыз», Каспий қайраңын игеру инвестициясы туралы «Каспийдің түбі – алтын түп» топтама өлеңдерін және бірнеше насихаттық мақалалар жаздым. «Қарашүңгіл – қара көзім тұңғиық» атты Қазақстан мұнайының 100 жылдығына арналған кітабыма «Ата-қазақ» атты бөлім енгіздім.


Өзіңіз қайта құрған Маңғыстау облысына тәуелсіз еліміздің Тұңғыш Президенті ретінде 1994 жылдың жазында келгеніңізде біздің қуанышымызда шек жоқ болатын. Сол кездегі құшақ жайып қарсы алған маңғыстаулықтар ықыласын айна-қатесіз беруге ұмтылған екі өлеңімнің бірін – «Ата қазақ», екіншісін «Ақбоз ат мінген Елбасы» деп атаған едім. Тамшалы атты Маңғыстау табиғатының көрікті жерінде ақбоз атқа мінген бойда дархан дала төсінде құйғытып шаба жөнелгеніңіз әлі көз алдымызда. Ал сол тәуелсіздігіміздің алғашқы жылдарында жазылған «Ата-қазақ» өлеңіндегі ой тұжырымдарымның қазір дәл келгеніне әрі таңданамын, әрі қуанамын... Сол өлеңім мынау еді...


Бір шыңырау және онда жалғыз қауға,
Құтым болған түссе де сансыз дауға.
Әрқашанда қамқор боп қол созасыз,
360 әулиелі Маңғыстауға.
Еліңіз бар иесін көптен күткен,
Тоза жаздап тозбаған өктемдіктен.
Сізге ұсынар киесі дарысын деп
Әулиелер бойына жерден біткен.
Қайда да қошемет мол сүйікті Ұлға,
Әлемді Көсемдікпен ұйыттың да.
Таныттыңыз Қазақ атты халық барын,
Ғасырда дара туған биік Тұлға.
Қоғамдағы талдайсыз әр ізді Сіз,
Ел алдында ұғынып парызды Сіз.
Қазақ ұлтын топаннан сақтап қалу,
Жолын білер Нұх пайғамбар тәріздісіз.
Қара түндер келмеске кетті дейміз,
Бақыт құсы бізге де жетті дейміз.
Елбасының игі істе қадамына,
Бекет-Ата жар болсын деп тілейміз.
Аз көрген жоқ өмірден атам азап,
Басталады енді өмір өте ғажап.
Жасай берсін Нұрсұлтан Назарбаев,
Ұрпақ берер есімі – Ата-Қазақ!!!


(«Егемен Қазақстан», № 245-247, 23.06.2010 ж.)




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу