Өлеңдер ✍️

  08.07.2021
  121


Автор: Күләш Ахметова

Саңырық батырдың оралуы

Құбылса да заман мен ғасыр қалай,
Шықпай қоймас жүзін бұлт жасырған Ай.
Із қалдырып кетсе де кең далаға,
Іздеушісі болмаған асылдар-ай!
Біздің іске болар ма кейде ырза олар?
Көздеріңді ашыңдар, ей, мырзалар!
Алшаң-алшаң басқанмен, сол ерлерге
Нөкерлікке жарамас кей мырзалар.
Қанаттыға берсе де қауіпті үйіп,
Қыран ұшар заңғарын тауып биік.
Батыр баба халқына қайта оралды
Қалқан ұстап, ат мініп, сауыт киіп!
Бере бермес табиғат күнде алыпты,
Бір ұлтқа тән біртұтас тұлғаны ұқтым.
Дара туған қазақтың батырлары —
Бөлінбейтін қамысы бір халықтың.
Бата біреу — қол жайып тілегенге,
Жүрегіңе үңілші жүдегенде.
"Қаратаудың басынан көш келеді" —
Қай қазақтың мұңы жоқ, бұл өлеңде?!
Беруге елі тиісті зор бағаны,
Аласармас батырдың арманы әлі.
Ойлағаны қазақтың даласы еді,
Бір ауылдың жері емес қорғағаны!
Жүйрікпін деп сұраман жүлде, тегі,
Қадіріме туған ел бір жетеді.
Елді қорғау ерлердің ісі болса,
Ерлікті айту ақынның міндеті еді.
Дүрмек танып, құрметке бөлемесе,
Кетеді екен ездерге ерен есе.
Түпкілікті жеңіске жету қиын —
Мықтылықты өз елі елемесе!
Кешір, баба, кеш алдық есімізге,
Кешігулер бұйырған осы бізге.
Көшімізге бұйдалы көлік тиіп,
Түсіп алдық біз біраз тосын ізге.
Текті, тексіз теңеліп бекер ғана,
Тоғытылып кеттік бір төте арнаға,
Қайқы шыңға қайтадан байрақ қадап,
Қалың елдің рухын көтер, баба!
Қойған әлем болмысын бояп қана —
Ұятта ма шын иман, аятта ма?
Шымылдығын шындықтың дүр сілкінтіп,
Парасат пен зердені оят, баба!
Тағдырына өзінің себеп те өзі,
Тарихына адал ма зерек көзі!..
Соғысы жоқ болса да мына заман —
Бірлік пен ерліктің ең керек кезі!
Ойлыға ойлы жау болу — ең жаманы,
Ойсыздықтар озғанда — олжа кәні?!
Бір батырға бір батыр медет болған
Бабалардың жақсы екен сол заманы.
Адамдарды құртады құлай ұқпау,
Алдымызда — ұлы үкім, ұлы айыптау.
Біздің ғажап даламыз жан пида боп
Сүю менен қорғауға лайықты-ау!
Туған дала танытты тойларға ыңғай,
Думан құрдық, дүрлігіп майдан құрмай.
Бостандығын сағынып қалған елге
Жәрдем бергей, Жасаған, ойландырғай!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу