Өлеңдер ✍️

  08.07.2021
  127


Автор: Күләш Ахметова

Жас баланың жанарына қараңдар

1
Ай мен күннің тұтылғанын кім құптар?
Айтылуға тиіс бүкіл шындықтар.
Ай нұры мен күн сәулесі қоршаған
балалық деп аталатын құрлық бар.
Балалықтың тәттілігін ұққанмын,
бастауы сол — әлемдегі мықты әннің.
Дүниенің шаттығынан жаралған —
бөпелердің күлкісінен шыққан күн!
Қарыштаған заманда да мынандай
қанша сәби жатыр бірақ күле алмай!
Адамдардың ағаттығы перде боп
болашаққа тұтылады тұмандай.
2
Тыңдар ма екен әр елдегі әр үйлер,
түсінген жан, тұнжырай бер, нали бер.
Тіл жетпейтін қасірет қой болуы —
езу тартып күле алмайтын сәбилер.
Болмақ емес сәбилерсіз сәнді үйлер,
ұзағынан үйлесе алмас ән-күйлер.
Қуанбайтын қуыршаққа ұқсайды
анасына талпынбаған әлдилер.
Қанша бала ерте айырылып гүл өңнен,
қалт-құлт етіп қайыр сұрап тіленген.
Қанша бала радиация дертінен
айыға алмай жатқанын да білем мен...
3
Уайым мен күдік жейді ішті үңгіп,
естімеген сұмдықты естіп ышқындық.
Даладағы күл-қоқыстың ішінен
Жөргектегі сәби шыққан үш күндік.
Бұл кесірге жарасады, жыласақ.
(Адамдардың әлсіздігі рас-ақ.)
Қара бет боп қалу қандай қасірет,
нәрестесін тастан кетіп туа сап.
Түсінемін, оңай емес оған да,
кесір сыры, жесір сыры — қоғамда.
Бар обалды көтереді әйелдер,
еркектері ерке болған заманда...
4
Көкірегінен төгіп тұрса күн алау,
Мүмкін еді көздің жасын бұламау.
Бір кезеңнің зауалы үшін
аяусыз
дұрыс па еді тек әйелді кінәлау?!
Жүгінейік, жүйелі ойға дәлелді,
алыңыздар, қай дәуірді, қай елді.
Азаматтың міндеті мен парызы
бақытты ету бала менен әйелді!
Айтар адам,
ұғар заман мұны әлі.
Сейілгенше сергелдеңнің тұманы —
тәртіп кетіп, имансыздық орнаса
ерлер менен мемлекеттер кінәлі!
5
Сордың бірі сол құрдымға бастаған
маскүнемдік.
Теңеу бар ма басқа оған?
Қорқыныштан көзі үлкейіп қараған
жас баланың жанарынан жасқанам!
Сосынғы сор — қылмыс,
қайткен күнде де,
бұзақылық болып жатыр іргеде.
Ананы да, аруды да боздатып,
бозбалалар, түспеңдерші түрмеге!
Мезгіл неге мейірімге тапшы тым?
Жара салып қоштасады жақсы түн.
Ана жылап бара жатыр, жігіттер,
омырауынан сорғалатып ақ сүтін!..
Жігіттер аз, көбейіпті қыз дейді,
жақсылықтан қыз үмітін үзбейді.
Бір шындық бар —
тірі жетім балалар
алдыменен аналарын іздейді.
Замандар мен қоғамдарда байыпты
азаматтан ақыл күту — лайықты.
Жетім үшін тірі аналар жауапты,
азаматтар одан бетер айыпты!
Мен мүсінші болсам,
қашау-пышақты ап,
ескерткіштер соғар едім түсі аппақ —
бейнелер ем ер адамды жары мен
сәбилерін қорғап тұрған құшақтап!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу