Өлеңдер ✍️

  08.07.2021
  740


Автор: Күләш Ахметова

Оюлар

Қазақтың оюлары-ай, оюлары!
Даладай бояулары қою бәрі!
Күмбезге, тасқа, шиге көшкен нақыш
жарайды көрмелерге қоюға әлі!
Бақыт пен қуанышқа бағытталған
көп еді қарапайым халықта арман.
Көркемдеп кілем тоқып, өрмек құрған
өмірдің шет жағасын көріп қалғам.
Көрген көз сұлулыққа түк тоймайтын,
Алтын Күн көбейтіліп шықта ойнайтын.
Әдемі кездер есте
дәу қазанда
көк, сары, қызыл, жасыл жіп қайнайтын.
Жүрегім толып іңкәр бір арманға,
жүргендей болушы едім гүл орманда.
Жеңгелер қылыш қағып, алашаға
тақталап тамаша өрнек шығарғанда.
Жасымда жолыққан соң көп бір кенге,
жырыма сол бояуды төктім мен де.
Жататын шөп үстінде кемпірқосақ
кемпірлер түрлі жіпті кептіргенде.
Далаға келіншектер өрмек керген,
өзгеше еркебұлан келбет берген.
Ғажайып тарих танып, күй естуге
болады өлмейтін сол өрнектерден.
Кетпестей табиғаттың әр таңы естен,
ән салып, кең далада дарқан өскен,
Әйелдер — ең алғашқы суретшілер
ши тоқып, киіз басып, арқан ескен!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу