Өлеңдер ✍️

  08.07.2021
  134


Автор: Күләш Ахметова

Бақ құсы

Дүние — кезек, қайырымы мен қаттысы,
Қайда деп, кім деп жүрегі, жаны пәк кісі.
Жынысқа, жасқа, орынға, текке қарамай,
Көрінбей ұшып жүреді дейді бақ құсы.
Мұратын танып қариядан да, жастан да,
Қанаты талып дариядан да, тастан да,
Жоғары,
Кімді лайық көріп болғанша,
Ұшады дейді мұңайып биік аспанда.
Киелі құстың мекені тауда, зеңгірде,
Тілегі құстың қасиетті де, мөлдір де.
Көңіліне жаққан біреудің барып басына,
Көрінбей ғана қонады дейді ол бірде.
Жақсылықтан да келетін бір мін тапқысы,
Шынымды айтсам, шіреншектердің батты ісі.
Самолеттей ғой аэропортына жетпеген,
Адамын таппай, адасып қонған баққұсы.
Бақ құсы қонса, құяды-ай сонда сый-нөсер,
Өзі де сезбей, сол адам сұлу күй кешер.
Адамын тауып, адаспай қонған бақ құсы
Талантты ақынның өлеңдеріндей үйлесер.
Бақ құсы қонбай, пендеге дәулет құралмас,
Құралған болса, қия алмас оны бір алмас.
Ардақтай алған жан бірақ нардай көтерер,
Бармақтай бақты кейбіреу ұстап тұра алмас.
Ақылың болса, тілектес әрбір ісіңе ел,
Орынсыз болса, тілегіңді кім түсінер?
Ұшырып алмай, аялап ұстай білсе екен,
Басына бірде бақ құсы қонған кісілер!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу