Өлеңдер ✍️

  07.07.2021
  161


Автор: Күләш Ахметова

Ағаштар

Жапырақтар өртеніп жатыр сайда...
Жабырқаймын күзгі күн батырса ойға.
Ағаштарға дәл мендей іңкәрлікпен
Қарамаған шығар-ау Хокусай да.
Ағаштарға қараймын жазда, қыста,
Ыстық тартып тұрады көзге алыста.
Адамдардай әр кезде абыр-сабыр,
Бұтақтары өседі қозғалыста.
Жеткізе алмас бұл жайды небір кестең:
Түлеп, түсіп көрінер-көрінбестен.
Жапырағы алмасып адамдарша,
Замандармен жарысып өмір кешкен.
Желбіресе шәйі бұлт — шымылдықтар,
Бәйтеректер тағдырдың жырын құптар.
Үш бұрыш хат ұшырып армандасқан,
Ағаштарда сұмдық бір сұлулық бар.
Қатты аязда желексіз жұтап бәрі,
Қар жамылар бұйығып бұтақтары.
Жазғытұры сыбдырлап самалменен,
Жазылады мезгілдің кітаптары.
* * *
...Күзгі қала!
Таусылып бағында әтір,
Арық суы суынып ағып жатыр.
Өлең жазған қағазды өртегендей
Жапырақтарды біреулер жағып жатыр.
* * *
Бір керемет сый күтесің күнде сен,
Балға толып тұрса дейсің кіл кесең.
Барсам дейсің алыс-алыс жерлерге,
Алсам дейсің абыройлы жүлде сен.
Жақсы болсам дейсің әлі бұдан да,
Ашық күнді армандайсың тұманда.
Бақыттырақ болсам дейсің, өмір ғой,
Биігірек ұшсам дейді қыран да.
Жас сәбилер ашып күнде бал қылық,
Жапырақтар билеп, шалқып, алқынып,
Шағалалар шулап көкте, шарқұрып...
Жатыр дүние жақсылыққа талпынып.
* * *
Алтын нұрын төгеді Күн жымиып,
Айналаны аялайды нұр ұйып.
Адамды адам мойындамай, түсінбей.
Жарасып тұр гүлге басын гүл иіп.
* * *
Келеді жаз жақындап, күн де ұзарып,
Батады бірте-бірте күн қызарып.
Сезімі салқындаған адамдарға
Келеді жылы түндер жұлдыз алып.
Жүйткиді желаяқ күн күміс табан,
Жүйткіген минуттарды кім ұстаған.
Қолымнан шығарып ап тұрмын тағы
Адамдай аққан суды уыстаған.
Шашылды шәйі гүлдер күлте-күлте,
Қауызы үлбірейді жыр төгілте.
Тағы бір табиғаттың кеші түсіп,
Барады шапақтарап бірте-бірте.
* * *
Түнде — үрейлі, қызықты — күндіз бар
Күзде салқын тау іші күн қызғанша.
Көк шөптердің ішінде сары гүлдер
Дірілдейді кәдімгі жұлдыздарша.
Қарап тұрып ұйқас пен табам ырғақ,
Жапырақтар салбырар сәл ауырлап.
Жасағанның жер-суы көп болғанмен,
Қария жүр бақтарды қарауылдап.
Көбі өзгерер келгенше келесі мен,
Қарауыл да шығарар мені есінен.
Мың жыл тұрған ағаштар әлі талай
Тіршілікті сезінер денесімен.
* * *
Өмір деген бояу екен әр түсті,
Ақ пен қара әлімсақтан тартысты.
Қара шашқа араласып ақ талдар,
Қаратаудың басына аппақ қар түсті.
Өмір деген бояу екен сан түсті,
Жасыл шөпке бордай бозаң шаң түсті.
Кешкі сурет ұқсамайды даланың
Шаңқай ашық суретіне тал түскі.
Байқаңызшы, ойланғанда түнде ояу,
Бір бояуды кемітеді бір бояу.
Зер салыңыз — батар кезде Күн баяу,
Бір бояуды күшейтеді бір бояу.
* * *
Жапырағың азайды-ау, жасыл емен,
Жабыққанда келуші ем қасыңа мен.
Сыбдырласып, сырласып қоюшы едік,
Ортақ еді біздерге ғасыр, әлем.
Көшеміздің өзіңсің жылда сәні,
Сен жырласаң, дүние үн қосады.
Міне, тағы күз келді, қашанғыдай
Қарашада қаланы мұң басады.
Күнге ілесіп жылыстап жатыр апта,
Ой көзімен қарасаң атырапқа,
Топырақтан айналып жапыраққа,
Жапырақтан айналып топыраққа,
Алмасады табиғат, ауыспалы.
Биыл ерте ағарды тау үсті әні.
Жасыл едің, сарғайдың, тым алыстан
Талып жетті тырнаның дауыстары...
* * *
Қандай жақсы шілдедегі көк орман,
Көк орманда бұрқыратып шөп орған.
Күннің нұры секіреді орақта,
Көңіл нұры шашырайды жанардан.
Тамаша ғой шілдедегі көк орман,
Көк орманда хош иісті шөп орған.
Шырмауықты орағыңа оралған
Алып тастап, рақат қой демалған!
Қандай жақсы ақын үшін мол арман,
Ой орасың сияқтанып шөп орған.
Бұрқыратып шумақтарды тастасаң
Әр сөзіңнен ұшқын ұшып әр алуан!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу