Өлеңдер ✍️

  07.07.2021
  92


Автор: Күләш Ахметова

Көктем, көк теректер

Бұл көктемді алты ай қыс күтіп едіңдер,
Осылай басталады екен бүкіл өмірлер.
Тал, теректер, түн бойы толғақ қысып,
Бебеу қағып, ыңырсып, уһілеңдер.
Азабыңды түсіндім мен басыңдағы,
Дөңбекшиді қою бұлт — қорғасын дағы.
Сезінгендей майданды енді осындағы —
Түні бойы сыңсыған жел басылмады.
Мұндай кезде қалайша тыншымақ қырлар,
Күндіз сезген қуатын күншуақтың қар.
Қас қарая толғатқан ана — ағаштар,
Таң ата талықсып барып, бүршік аттыңдар!
Көктем ғой бұл жылынар суық құмдар да.
Көк теректер, айтпай-ақ мұны ұқтыңдар ма
Күн нұрымен маужырап қалғисыңдар,
Түні бойғы күресті ұмыттыңдар ма?
Өмірге өмір қосып, тынықтыңдар ма?
Мен білемін бұл таңды шын күткеніңді,
Түні бойы сездіріп тірлікке мұңды.
Күн шыққанда тұрсыңдар жасыра алмай
Шуақ кескен көк бүршік — кіндіктеріңді.
Жер-Ана да бұл сәтті күтіпті ай, күннен,
Күрсінді ол да жасыңды жұтып қайғыңмен.
Түніменен толғатқан көк теректер,
Таң ата бүр жарғандарыңмен құттықтаймын мен!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу