Өлеңдер ✍️

  07.07.2021
  150


Автор: Күләш Ахметова

Мұхит

"Еңіреп Мұхит бабам өтіпті-ау деп,
Кейінгі ұрпақтарым есіне алар".
Мұхит

Дарындыны жақтадым сөз алдым да,
Даусы қалған далада, бозаң құмда
Мұхит десе,
Мұзды да, Үнді де емес,
Мұңды Мұхит тұрғандай көз алдымда.
Махаббаттың сездіріп демін, өртін,
Жомарт жүрек шынайы егілер тым.
О ғасырда бұрқанып шыққан дауыс,
Бұ ғасырға жетіп тұр емін-еркін.
Көтерілсе әуенмен сөз биікке,
Қадалғандай сөзді іздеп көз биікке.
Қаз ұша алмай,
Ақсұңқар қайта қонып,
Тыңдап тұра қалардай жез киік те!
Әннен биік ұша ма, сірә, қыран?!
Әсірелеп, асырмай тұра тұрам...
Тәтті мұңға бөлейді
Айтушының
Ащы терін шығарған сұрапыл ән.
Тұңғиықтан тараған көк қайнары,
Таусылмайды
Таңдайдан кетпей балы.
Биігіне жетсе де бұл әндердің,
Тереңіне көп әнші жетпейді әлі.
Ән Мұхиты...
Өнердің қыл қаламы
Жасар әлі бейнесін мұңды ағаның.
Білмей кетті-ау әлемдік талғампаздар
"Айнамкөзді" таңырқап тыңдағанын.
Асыл болса, арманның жарқын бәрі,
"Уа, Зәуреш" деп тірілтті ән сол тұлғаны.
Миға жетіп,
Тамырды солқылдатар
Мұңды Мұхит әнінің толқындары.
Саңқылдаған өр даусын далаға ілген,
Жүрегінде ол жұртының қала білген.
Мұхит десе,
Мұзды да, Үнді де емес,
Ән Мұхитын есіме аламын мен!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу