07.07.2021
  286


Автор: Орынбай Шойбек

КІШКЕНТАЙ ЗИЯШ

«Көшқалған» деген бұйығы ауылға агроном жігітттің келуі көпке елеусіз болғанмен тұлымы желбіреген Зияшқа ұнамады. Ол Ергөбекті алғашында жеңгесі Ақмарал жұмыс істейтін кітапханада кездестірді. Әдетінше үкідей үлбіреп жетіп келген. Табалдырыққа аяғын арта бере-ақ жанары бейтаныс біреуге түсті. Бір қарағанда жүзі жылы, қалың қасты, сұңғақ бойлы. Киімі де көз сүрінерлік сәнді. «Әй, бәрібір Есентай ағамдай қайдан болсын, - деп ойлады тұлымшақты қыз. – Ол осы арада тап осылай сөрелердің біріне сүйеніп тұрғанда қандай жарасымды еді. Ақмарал жеңгесі оған күле қарап: «Сәулем келді, әне», - деп кіріп келген мұны көрсететін. Бұл болса екеуіне алма-кезек еркелеп, әурелейтін. Зияш күрсініп қалды.
- Мына арада Есентай ағам тұратын, - деп бейтаныс жігіт тұрған бұрышты нұсқады.
- Ағаң маған ұқсайтын шығар, - деді анау күліп.
- Жоқ, ол бәрінен де жақсы болатын. Қыз тағы күрсінді. Оған ілесе жеңгесі де күрсініп қалды. Бейтаныс жігіт самарқау қалпы ілбіп басып сыртқа беттеді.
- Бұл кім жеңеше?
- Біздің ауылға алыс қаладан келіпті, Сәулем. Оқу бітірдім, агрономмын деп дүрдиеді, - деді Ақмарал жымиып.
Зияш та күліп жіберді. Бейтаныс ағаның алыс қаладан келгенін емес, жеңгесінің күлімсірегеніне мәз болды.
Жас келіншек Есентай машина апатынан болғалы томаға-тұйық күй кешіп жүретін. Ең болмаса алданыш ететін етек астында қалған нәресте де жоқ. Әйтеуір, сол күнннен соң самарқау, сүлесоқ мінез тапқан.
Таң алаукерімнен орнынан тұрады. Дастарқаннан дәм татқан болады. Жұмысына кетеді. Сондағы күн ұзаққа айналдырғаны осы ұядай ғана ауыл кітапханасы. Келіп-кетіп жатқан адам да саусақпен санарлықтай аз.Бір кітаптың бетін ашып тастап Ақмарал отырады. Алдында кітап, ойы сан-саққа жүгіреді. Ой түбі тұңғиық, түпсіз терең. Тереңдеп барып күрсінеді. Күрсінеді де алаңсыз шақтарын ойлайды. Есентайын еске алады. Үнсіз тілдеседі. Бала сияқты риясыз қылығын сағынады. Сол күндердің қайтып оралмасын біліп іштей егіледі. Өзі жалғыз еді. Шешесінің көз жұмғанына бірнеше жыл болған. Зияш мектептегі сабағынан қол үзсе болғаны тұлымшағы желбіреп осында жүгіреді. Жеңгесінің қасынан бір елі аттап шықпайды. Анау-мынауды айтады. Жоқтан өзгені сұрайды. Ақмаралдың бұрынғыдай өзін еркелетіп «Сәулем-ау» дегенін дегенін естігісі келеді. Бұл үшін ең жылы, жанына ыстық сөз осы. «Сәулем-ау» десе болғаны марқайып қалады. Бұдан артық бақыт, бұдан артық қуаныш жоқтай. «Сәулем-ау» десе ол бәріне де бейіл. Томпаңдап не айтса соны орындайды. Жеңгесінің айтқанын екі етпейді. Зияш ойлайтын: «Мен сияқты ешкім де жеңгемді жақсы көрмес», - деп. Оған айтқызса Ақмарал сұлудың сұлуы, ақылдының ақылдысы.
Ағасы қайтыс болған жылы шерлі бала көңіл Ақмарал бұларды тастап өз үйіне кетіп қалар деп қорыққан. Бірде апасы мұның көзінше жеңгесіне:
- Шырағым, басың жас. Етегіңнен тартпаймын. Теңіңді тап. Зияштай екеуміз өлмес күнімізді көрерміз, - деп жаулығымен көзщіне іркілген жасты сүрткен. Сақыптың бұл айтқан сөзінің төркінін қыз түсінген жоқ. Сезгеі апасының бостан-босқа көзіне жас алмағаны. Сезді де «Жеңешем бізді тастап кететін болар» деген суық ой санасына сап етті. Жүгіріп келіп, Ақмаралдың етегіне оратылып солқылдасын-ай кеп, солқылдасын.
- Жылыма, Сәулем, сені тастап ешқайда кетпеймін, - деді. Сүйіп жатыр, моншақ-монщақ кермек жас мұның мойнына, ашық жерлеріне тырс-тырс тамады. Жеңгесі сонда апасы Сақыптың айтқанына көнбей қойды. Алғаш келін боп табалдырығын аттаған босағасынан кетпей қалды. Қайда барсын. Баратын жері де жоқ қой. Бұған бәрінен бұрын Зияш қуанды. Жатса-тұрса жеңгесінің қас-қабағына қарайтын. «Ағам бардағыдай жеңешем неге күліп жүрмейді» дейтін бала қиял. Осылай үш жыл өткен. Енді, міне, Зияштың жеңешесі аяқ астынан өзгеріп сала берді. Есентай ағасы тірі кезіндегідей әдемі жымиып күлетін болды. Қайын сіңлісінің майда қара шашынан сипап тұрып: «Сәулем-ай» деді. Қыз көңілі мұны көріп шаттанған. Жеңгесінің жүзіндегі күлкі табын байқаған сайын масайрайды. Ол күлсе күлді, езу тартса езу тартты. Бейтаныс жігіт болса кітапханаға жиі келетін әдет тапты. Өзі оқығыш-ақ. Алған кітабын екі-үш күнде қайта қолтықтап келіп тұрады. «Мынаны ақтарыстырып түгестім, басқасын алайын деп едім». Жеңгесі болса жігіт шығып кетісімен Зияшқа қарап, көз қысып, күліп қояды. Қыз мәз. Апасына қуанышын сол күні-ақ жеткізген. Бірақ Сақып қызының бұл хабарына қуанған жоқ. Ойланып отырып, терең күрсінді. «Зияштай сені түсінушу едің». Қыз ұйықтар алдында ойлап-ойлап апасының неге бұлай дегеніне түсіне алмай-ақ қойды. «Түсінбесем, түсінбейін, - жеңешем көңілді жүрсе болды». Агроном жігіт енді күн құрғатпай кітапханаға келетін әдет тапты. Иемденіп алғандай еркін кіріп-шығады. Ақмарал мен Зияшты әбден өзімсініп кеткен. Қызға өзін: «Мен Ергөбек ағамын», - деп таныстырды. Ергөбек келген сайын бір тал қызыл гүл алып келеді. Қайдан алатыны белгісіз, бірақ мұнысынан жаңылған емес. Оны ешкімге ұсынпайды. Әкелген күйінде терезенің жақтауына қыстыра салады. Сөйтеді де сол күйінде қалдырып, алған кітабын қолтықтап шығып жүре береді. Көбіне бұл гүлді Зияш үйге ала келетін. Жеңгесі оны қасқалдақтың қанындай қастерлеп, суы бар ыдысқа салып қояды. Ергөбек аға әзілкеш екен. Ол келсе Ақмаралдың күлкіден езуі жиылмайды. Келмей қалса алаңдап тұратын. Зияш та іштей оның келгенін қалайды. Оған жеңгесі күліп, көңілді жүрсе болғаны. Басқа қызықтың керегі жоқтай. Сондай күндердің бірінде үйреншікті жерге жеткенше асыққан. Келсе Ергөбек аға Ақмаралмен әңгімелесіп тұр екен. «Жеңеше» деп есіктен кіріп келген Зияшты көріп, жігіт күлді де:
- Сенің қандай сұлу. Ұрлап алып кеткім келеді, - деген. Қыз алғашында «мынау не деп тұр» дегендей аңтарылып қалды. Сонан соң жүгіріп барып Ақмаралдың беліне оратылды. Сол заматта:
- Кет! Мен жеңешемді ешкімге бермеймін, - деп айқайлап та жіберген. Ақмарал мен Ергөбек аға бұған сықылықтап кеп күлсін. Зияш ызадан жыларман болған. Сол күнгі естігені есінен кетпей қойды. Кешке апасына аузын бұртитып отырып тағы ауыр күрсінді. «жас болған соң әзілдеседе де, шырағым», - деп мұны жұбатып қойды. Көп ұзамай Ақмарал тосын мінез тапты. Жұмыстан кейде кешігіп оралатын болды. Қыз оларды бірде ауылдың табанын жалай аққан Келес өзенінің жағасынан көрді. Сықылықтай сөйлесіп, қолтықтасып барады екен. Зияш не істерін білмей, аңтарылып соңдарынан телміре қарап, тұрып қалды Женгесі мен Есентай ағасының осылай иық тірестіріп серуен құрғанын талай көрген. Енді, міне, ақтотыдай сол жеңешесі Ергебек ағамен де дәл солай өзен жағалап жүр.
Балапан жүрек әлденеден секем алғандай. Еріндері діріл қағып, еріксіз кемсеңдетті. Ешкімді де қазыргідей, осы сәт Ергөбек ағадай жек көрмес. «Ол менің жеңешемді ұрлап алып кетпекші» деген суық ой зәресін алып барады. Анау екеуі өз қызығы өзінде мұны байқар емес. Қолтықтасып қалың өскен жас құрақтың арасына судай сіңіп жоқ болды. Қыз бір басып, екі басып тұспалдаған жерге келіп жетті. «Олар осы арада. Мен қазір бар даусыммен айқайлаймын. Жеңеше, деймін, ол сізді ұрламақшы деймін, үйге тез қайтыңыз деймін, ан да апам бар, құтқарып алады деймін».
Зияш ағайлап үлгермеді. Таяқ тастам жерде құрақ сыбдыр қақты. Сыбдырмен бірге жеңгесінің жұмсақ даусы естілді.
- Сәулем-ау, сен мұнда қайдан жүрсің? Үйге қайт, Сәулем, үйге...
- Жең-ее-ше-ше дей-м-мін...
- Сөйт, Сәулем, қайта ғой, мен қазір...
Ол енді ғана байқады, жеңгесі тапталған құрақтың үстінде Ергөбек ағаның иығына басын сүйеп отыр екен. Мұны көріп қолтоқпақтай қыз тіксініп қалды. Жалт бұрылып, табаны жерге тимей, жүгіре жөнелді. Ызадан лықсып келген өксік жанарымен мөлдір тамшы боп сорғалап, айғыздап келеді. Ағыл-тегіл жылаған күйі есік алдында күйбеңдеп жүрген апасының құшағына қойып кетті. Үрейленген Сақып:
- Зияштай, не болды, саған? – деп шыр-пыр болды да қалды.
- Апа, апа деймін. А-ан-да Ер-р-гө-бек ағамен же-ңе-шем... Сақып не десін. «Ай, ботақаным-ай, сен нені білуші едің», - деп тағы да ауыр күрсінді. «Апа-ау, жеңешемді Ергөбек аға алып кететін болды ғой. Сіз оған «енді қайтып жолма» десеңізші» деп шынашақтай қыз шырылдады. Папсы болса бұған ләм-мим демей тек күрсіне берді, күрсіне берді... Зияш енді көбіне «Ергөбек аға кітапханаға келмесе екен» деп тіледі. Сол әкелетін гүлді жеңгесі алмаса қандай жақсы болар еді. Бірде сондай ойдың құшағында кітапханаға келген. Келсе кітап сөресінің үстінде бір құшақ қызғалдақ шоғы жатыр.
- Жеңеше, мұны кім әкелді, сізге?
- Ергөбек ағаң, Сәулем.
Қыз үнсіз. Жұқа қабақтары әп-сәтте түйіле қалған. Сонан соң жеңгесіне қарап:
- Жеңеше, мен сізге ертең қызғалдақ теріп әкелемін. Анау төбелер жақта көп дейді. Сіз, бірақ енді Ергөбек ағаның қызғалдағын алмаңызшы, - деп бұртиып қалды.
- Неге, Сәулем? – деді жеңгесі күліп.
- Мен оны жек көрем.
- Оның қалай, Сәулем-ау? Ол жақсы жігіт. Сені де жақсы көрем деген.
- Бәрібір мен оны жек көрем дедім ғой, жек көрем. Қыз бұрылды да шығып жүре берді. «Сәулем-ау, тоқтай тұршы», - деген жеңгесінің сөзіне де құлақ аспады.
Ертеңіне ол мектепке күндегісінен ерте жиналды. Ойы сонау көрінген ауылдан төрт-бесшақырым жердегі тапал төбелер жаққа барып, көп етіп қызғалдақ жинамақ. Жеңгесі бір қуансын. Бәлкім, содан кейін Ергөбек ағаның әкелген гүлдерін алмас та.
- Ертелетіп қайда барасың, - деп апасы килігіп еді.
- Мұғалім ерте кел деді, - деген сылтауды айта салып, сөмкесін сүйретіп сытыла берді.
Ол бір жүгіріп бір тоқтап, өзен жағалап ауылдан алыстап кетті. Буындары талып, шаршаған кезде төбе баурайына да жеткен. Міне керемет. Жайқалып, тұнып тұрған қызғалдақтарды көрген қыз шаттана айқайлап жіберді. Іздегені алдында түсті кілемдей жайылып жатыр. «Жеңеше, мен саған бүгін көп етіп қызғалдақ апарамын дедім ғой, апарамын сөзсіз. Тек қана Ергөбек ағаның гүлін алмай тұра тұр. Міне, мен қазір-ақ». Зияш қызғалдақтарды сабағынан ептеп жұла бастады. «Жеңешеме таңдап жүріп, жақсыларын апарайын». Ол гүл жинаудың қызығына түсіп, айналасына зер салуды да ұмытып кеткен. Ту сыртынан жіңішке дауыс естілді.
- Әй, қыз. Сен не істеп жүрсің мұнда, жалғыз өзің? Тосын дауыстан шошып кетіп, жалт қараған. Өзі қатарлас бір қыз кетік тісін көрсетіп, күліп тұр. Қасында үш-төрт қыз бен бала бар.
- Қызғалдақ теріп жүрмін.
- Оны кімге апармақсың?
- Жеңешеме...
Әлгі кетік тіс қыз енді өзгелеріне бұйыра сөйледі.
- Келіңдер онан да гөрі жасырынбақ ойнайық.
Балалардың бәрі келісе кетті.
- Сенің де бізбен ойнағың келе ме? – деді анау Зияшқа қарап.
- Ойнап болған соң бәріміз саған жинасамыз.
- Кел қазір ойнайық.
- Ондай болса ойнайын.
- Атың кім өзіңнің?
- Зияш. Сенің ше?
- Гүлнұр. Мынау Елдос, - деп ол шикіл сары баланы да қоса таныстырып қойды.
...Балалар ойынның қызығымен бесін болғанын білмей қалды. Бәрін есіне алған Гүлнұр болды.
- Зияш деймін, Зияш. Сенің жеңешеңе қызғалдақ терейік енді, - деді ол қалың шалғынның арасында тығылып жатқан Зияшқа айқайлап. Ол содан үйге ымырт үйіріле бірақ оралды. Жеңгесіне жетіп құшағындағы қызғалдақтарын беріп қуантқанша асыққан. Терлеп-тепшіп, пысылдап жетті-ау, әйтеуір. Келген бетте есікті айқара ашып, төргі үйге ұмтылды. Сол-ақ екен апасының алдында тізерлей отырған жеңгесі көзіне шоқтай басылды.
- Жеңеше, - деп ұмтыла беріп, қалт тоқтады. Қарама-қарсы бұрышта сәнді киінген Ергөбек аға тұр е ді. Көзі соған түскен. Түскенде де қызғалдағын құшақтаған күйі үрпиіп, әркімге бір жалтақ-жалтақ қарады. Олардың үшеуі де мұның бар-жоғын байқамағандай. Әрқайсысының еңселерін езіп-жанышқан өз ойларымен әуре халде болатын. Бөлме іші мүлгіп тұрғандай. Әлден уақытта апасына өксік аралас тіл бітті.
- Мен не дейін саған, жарқыным. Теңіңді тапқан екенсің, жолыңа көлденең тұрмаймын. Қосағыңмен қоса ағар, айналайын. Бар, бара ғой. Мұны естіген Зияштың құлындағы даусы құлаққа жетті.
- Жеңеше! Кетпеші жеңеше! Мені тастап кетпеші! Қолынан түсіп кеткен қызғалдақ шоғы аяғының астында қалды. Бытыр-бытыр сынып жатыр. Оған да қарамады. Ақмаралға ұмтылды. Ол құшағын жая берді. Аймалай жүріп, өкси жүріп:
- Кет! Кет бұл жерден! Сені жек көрем! – деп айқалайды Ергөбек ағаға.
- Сәулем-ау, мұның не? Оның не жазығы бар еді? Біле білсең енді Ергөбек сенің де ағаң, - Дейді Ақмарал сасып қалып.
- Жоқ, жоқ... ол менің ағам емес... Менің ағам... менің ағам... Ес-е-ен-тай. Осыны айтты да Зияш жеңгесінің бауырынан сытылып шықты. Әлгі сөзді шын айттың ба дегендей оған жасты жанарымен үрке қарады.
- Солай, Сәулем. Ергөбек енді сенің ағаң, - дейді жеңгесі тағы қайталап. Қыз сол бойда ашық тұрған есіктен далаға құстай ұшты. Балапан көңіл жанына жақын тартқан жеңгесінің біржола кететінін аңдаған. Аңдаған да оңаша кетіп еңреп жылағысы келген. Өзінен қимасын тартып алған Ергөбек ағаға өшіккен қалпы кетіп бара жатты. Құйтақандай қыз жүрегі боран соққандай алай-дүлей еді. Балалықтың бал дәурені ұмыт қалғандай. Аяқ астынан есейіп, шерлі көңіл мұңға батты. Қыз сол бойында ағыл-тегіл көз жасын сорғалатып беталды жүгіре берді, жүгіре берді... Өзінің қайда келе жатқанын, неге келе жатқанын аңғармады. Алас ұрған түсініксіз күйдің құшағында табаны жерге жеңіл тиіп зымырап келеді. Жанарын жауған жастан көз алды мұнартып жөнді көрінер емес. Сол қалыпта еңіреп келе жатып аяғының өзен жарына іліккенін де сезген жоқ еді. Әп-сәтте сүріне-қабына төмен құлағанда зәресі ұшып шыңғырып жіберді.
- Жеңеше! А! А...
Үрейді алған жалынышты дауы өзен гүріліне ұласып жүре берді.
... Су жұтып талықсыған қыз ауруханада жатты. Ол есеңгіреп: «Кет! Мен сені жек көрем!» - деп сандырақтаумен болды. Көз алдынан желке шашы ұзындау, қалың қасты, сұңғақ, сәнді киінген біреу кетпей тұрып алды. Үстіне төніп келіп: «Сенің жеңешең қандай сұлу. Ұрлап алып кеткім келеді», - дейді. Бұл қарманып жүр. Ақмаралдың бір қолынан ол, бір қолынан бұл ұстап жіберер емес. Анау болса екеуін де өзенге қарай сүйреп барады. Табандары жерге аннан-мыннан бір-ақ тиеді. Апа, апа, тезірек кел!» - дейді бұл жан ұшыра. Апасы сыпырғысын ұстаған күйі күрсініп қойып, есік алдында қарап тұр. Одан арғысы бұлдыр... тұман... Зияш өзін ажалдан аман алып қалған адам Ергөбек аға екенін білген жоқ еді. Ақмарал жеңгесінің «Сәулем-ау» деп көз жасын төгіп, басында түны бойы отырғанын сезбеді. ...Ертеңіне күн көтеріле қыз көзін ашты. Ол Көшқалған аулындағы үркердей ұйысқан үйлердің бірінде той-думан болып жатқанынан бейхабар еді. Тойға жиналғандар үстел үстіндегі ыдыста тұрған қызғалдақ шоғына қызыға қарасып қояды. Бұл гүл шоғын кеше Зияш жеңешесіне арнап теріп келген болатын. Ақмарал оны қайта-қайта құшырлана иіскеп отырды.




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу