Өлеңдер ✍️

  07.07.2021
  179


Автор: Күләш Ахметова

Самғау

Бақытым — далам деймін,
Қол қоямын.
Жаз гүлдеп, күзде бірге сарғаямын.
Ғажапсың,
Қасиетті де,
Данасың да —
Даласы аруананың, желмаяның!
Алатау, Қаратаудан сыр аңғардым,
Қалдырған қазынаңды,
Мұраңды алдым.
Мәстек пен жабыларды есіртпеген
Даласы қырандар мен құландардың.
Ақынға ақыл бердің,
Билік бердің,
Сүйінсең,
Сыбағалы сыйлық бердің!
Тұлпарды тұсамаған туған елім,
Даласы таланттардың, жүйріктердің!
Мен-дағы сөз тиген соң сөйлеп бердім,
Сөзіммен қарымдымын,
Қайраткермін!
Айбынды биігі мен айдыны бар
Даласы аққулардың, ләйлектердің!
Адамның мәңгі арманын, мәңгі ұранын
Бейнелеп,
Аштың оның нұрлы мәнін.
Махаббат,
қуанышты күйге қосқан
Даласы жүйрік, шешен домбыраның!
Күйіне домбыраның бебеулеген,
Қаламын таба алмай дәл теңеу де мен.
Әлемнің жүйріктерін жарыстырған
Даласы даңқты айдынның Медеу деген.
Зулайды поездармен дала бірге,
Үйренген жылдамдыққа бар өмірде.
Осынау мекенінен жүйріктердің
Ғарышқа жол тартады корабль де.
Құмай да, жез киік те — бәрі осында,
Дәл мұндай кең өлкені табасың ба?
Мен қалай ілби басып күн өткізем
Ылғи бір пырақтардың арасында?!
Ілесіп мезгіл деген мәңгі ағысқа,
Жасымнан кеудем толып толғанысқа,
Өнердің бәйгесінде
Тәуекел деп
Бастап ем бір қиын жол мен де алысқа.
Ілес деп қанат қақса құстар маған,
Ұшады ұясынан ішкі арман — ән!
Арнаған маған да бір сөрең бар-ау,
Самғауға, самғатуға құштар далам!




Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:
Facebook | VK | WhatsApp | Telegram | Twitter

Пікір жазу